Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте «Радзіма» беларусь мәдени орталығының төрағасы Дмитрий Валерьевич Останьковичпен онлайн-кездесу өтті.
«Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Біздің Отанымыз – көпұлтты. Кейбір мәліметтер бойынша, Қазақстанда 130, ал бейресми мәліметтер бойынша 150-ге жуық этнос өкілдері тұрады. Сонау 1992 жылы Қазақстан халқының 1-ші форумында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті барлық ұлттық орталықтарды біртұтас ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясына біріктіру идеясын айтқан болатын. 2021 жылы 28 сәуірде ҚХА-ның ХХІХ сессиясы өтті. Мен осы айтулы оқиғаның куәсі болдым », – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, қонақ өз сөзінде Ассамблеяның келешектегі жұмысының стратегиясын анықтайтын басты қағидаттарға тоқталып өтті.
«Ақылды бейсенбі» жобасы аясында ұйымдастырылған кездесу барысында Дмитрий Валерьевич беларуссиялық «Радзіма» орталығының қызметі туралы баяндап берді. «Радзіма» сөзі қазақ тілінде «Отан», орысша «Родина» деп аударылады.
Кездесуге қатысушыларға Ассамблея туралы, ұйымның басқа елдермен өз тәжірибесімен белсенді бөлісіп жатқанын және осындай ұйымның Ресей Федерациясында, Қырғызстанда және басқа да бірнеше елдерде құрыла бастағанын білу қызықты болды.
Дмитрий Валерьевич сөз соңында зияткерлердің барлығын келе жатқан мерекемен құттықтап, ҚХА жастар ұйымдарына белсенді қатысуға шақырды.