Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Санжар Бисенали Жапонияның Осака қаласында химия пәнінен өткен Халықаралық олимпиадада күміс медаль жеңіп алды.
Санжар химия пәнінен республикалық және халықаралық олимпиадаларда бірнеше рет жеңімпаз атанған. Ол Халықаралық Менделеев олимпиадасының қола жүлдегері. Санжардың IchO-ғы кезекті марапаты, беделді Олимпиаданың күміс медалі – мектеп үшін үлкен мақтаныш, оқушылар үшін ынта, жігер беретін үлгі.
Осы жылы “Химия! Бұл керемет!” айдарымен қашықтықтан өткен білім бәйгесіне 79 елден 300-ден астам оқушы жиналды. Дәстүр бойынша, жарысқа теориялық және практикалық турлар кіреді, алайда карантиндік шектеулерге байланысты тәжірибелік тур өткізілмеді. Теориялық турда қатысушылар химияның барлық негізгі бөлімдері бойынша күрделі тапсырмаларды орындады.
Санжар мен Олимпиаданың басқа да жүлдегерлерін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтады.
“Беделді де қиын олимпиадаға қатысушыларды жоғары жетістіктерімен құттықтаймын! Сіздер дайындықтың керемет деңгейін көрсеттіңіздер. Әрқайсыңыздың медальдарыңыз – Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің және жеңіске деген ұмтылыстарыңыздың нәтижесі. Сіздерге жаңа шыңдарды бағындыруды тілеймін! “,- деп жазды Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында.