«Аз жақсылық — ақылды тең етеді. Көп жақсылық — Ақылды кең етеді» – дейді халқымыз.
Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ақылды кең ететін ерекше апталық басталды. 20 қаңтарда ағылшын тілі пәні онкүндігі аясында «Random Act of Kindness» (Игі істер) акциясы басталды. Акцияға қатысу үшін оқушылар мен мұғалімдер ізгілік пен жақсылыққа бастайтын кемінде 5 іс-шараны таңдап, жүзеге асыру қажет: кездескен кісіге жылы шырай таныту, есікті ашып ишарат жасау, қасыңда жүрген кісінің жақсылығын айту, мақтау, жігер беретін тілектер жазу, көмекке зәру қарт кісіге көмектесу, уақыт бөліп, көңілі жабырқау жанның мұңын тыңдап, басу айту, т.с.с.
Сондай-ақ акцияға қатысушылар осы апта ішінде мектептегі мұғалімге, оқушыға, техникалық қызметкерге алғыс білдіруі қажет. Алғысты хат арқылы, немесе алғыс сөздер жазылған жазбалар, алушының аты көрсетілген шоколад беру арқылы айтуға болады. Жасаған сыйлықтар мектепке кіре берістегі арнайы түрлі -түсті қорапқа салынады. Бейсенбі, 30 қаңтарда, бұл қорап ашылып, тосынсыйлар адресаттарға таратылмақшы.
Ойшылдардың айтуынша, жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын. Сондықтан игі істер арқылы жақсылық жасауға, көпке үлгі болуға шақырамыз.