«Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы туралы

2012 жылы басталған «Туған елге тағзым» атты өлкетану-зерттеу экспедициясы  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен жыл сайын өткізіледі. Ғылыми-зерттеу қызметінің бір түрі болып саналатын өлкетану экспедициясы Зияткерлік мектеп оқушыларына туған жеріміздің табиғаты, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, тарихи және мәдени дамуы жайлы жан-жақты білуге көмектеседі. Оқушы бойында патриоттық сезімді арттыруға ықпал етеді. 21-27 қазан аралығында «Туған елге тағзым-2018» өлкетану-зерттеу экспедициясына  қатысатын Алматы және Қарағанды қалаларындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 24 оқушы  Астана қаласына келеді.

Зияткерлік мектептердің өзара маршрут алмасу арқылы Қазақстан аймақтарымен танысып, туған өлкеге зерттеу жүргізуі аталған экспедицияның ерекшелігі болып табылады. Жоба аясында экспедициялық топтар Астана аймағындағы флора, фауна ерекшелегін, тарихи, мәдени нысандарды, архитектуралық құрылыстар мен ерекше ғимараттарды  зерттейді.

Экспедиция бағдарламасында оқушылардың бойында практикалық іс-әрекеттің түрлі тәсілдерін қалыптастыратындай оқу- зерттеу, мәдени-ойын-сауық, спорттық-сауықтыру шаралары қамтылған. Бағдарлама бойынша жас өлкетанушылар «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, Қорғалжын мемлекеттік табиғат қорығында орталық өңірдің флорасы мен фаунасын зерттейді. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында, «Бөгенбай» тарихи-өлкетану мұражайында  болып, АЛЖИР тарихымен танысады. Астана қаласының көпсалалы индустриалды кешендері – маңызды өнеркәсіп орындарында болу арқылы Елорданың  экономикалық дамуын зерттейтін болады. Оқушылар «ҚазМұнайгаз» ҰК-нда, «Цесна-Астык» концерніне, «Астана Полимер» ЖШС, Назарбаев Университеті жанындағы Технопаркке экскурсия жасайды.

Сонымен қатар жас өлкетанушылар К.И.Бараев атындағы ғылыми-зерттеу институтының, К.А. Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институты ғалымдарымен кездеседі.

Әрбір экспедицияны жаңа оқу жылында жүргізілетін зерттеу жұмыстарының бастамасы десе болады. Өлкетану-зерттеу экспедициясының қорытындысы бойынша оқу жылы барысында оқушылар ғылыми жобалар, эссе, шығармалар жазып, туған өлке бойынша жолнұсқаулар құрастырады, теледидар, баспасөз құралдары мен радиоға арналған арнайы репортаждар дайындайды.

Экспедиция барысында жиналған барлық материал мектеп кітапханасына, оқу кабинеттеріне өткізілсе, аса құнды материалдар мектеп мұражайына табыс етіледі.

Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінде 27 қазан сағат 15.30-де «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының қорытындысы бойынша дөңгелек үстел өткізіледі. Онда оқушылар экспедициядан алған әсерлерімен бөлісіп,  жинаған материалдары туралы айтып береді деп жоспарлануда.