Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 24 қыркүйек 2019 жылы қалалық «Әлеуметтік қызмет көрсету» орталығынан келген кішкентай қонақтарды қабылдады.
Мектеп директоры Мейрам Әміржанұлы бастаған ұжым ерекше балаларға айырықша қамқорлық танытып, олардың мектепте көңілді де пайдалы уақыт өткізуіне барлық жағдайды жасауға тырысты. Бүлдіршіндер Зияткерлік мектептің шығармашылық шеберханаларында өздеріне арналған ақ футболкаларға сурет салды, саз балшықпен жұмыс жасап, би залында билеп үйренді.
Қонақтарға арнап жайылған дастархан басында балаларға естелік сыйлықтар мен сурет үйірмесінде өздері безендірген футболкалар сыйға тартылды.
Ата-аналар үшін Зияткерлік мектеп тарапынан шақыру алу тосын сый болды. «Біздің балаларымыз өте еліктегіш, олар үшін дамытушы ортада болу аса маңызды. Зияткерлік мектептің арқасында біз бүгін ерекше қуанышты көңіл күйде болып, жаңаша қуат алдық», – дейді ата-аналар атынан Разида Құсайынқызы.
2020 жылдың Қазақстанда Еріктілер жылы болып жариялануы Зияткерлік мектептегі қайырымдылық қозғалысына тың серпін береді. Мектеп ұжымында «Әлеуметтік қызмет көрсету» орталығына қолдау көрсетуге бағытталған арнайы бағдарлама қабылданып, жаңа бастамалар талқыланып жатыр. Зияткерлер шұғылалы балаларға арнап жақында кереметтер фестивалі мен спорттық мереке өткізуді жоспарлауда.