КҮМІС ҚОҢЫРАУ ҮНІМЕН ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Мектеп директоры Әсел Сайдуғалиқызы Бейсембинова мектеп оқушылары мен мереке қонақтарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, халықаралық олимпиадалар мен республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мақтау қағаздарын табыстады.

Салтанатты жиында марапаттауларға: RoboMission жасөспірімдердің республикалық олимпиадасының жеңімпазы, 8-сынып оқушысы Жанарыс Қапаров, ICHO-2022 халықаралық химия олимпиадасында 2 орын алған 12-сынып оқушысы Санжар Бисенәлі, экономикалық IEO-2022 халықаралық олимпиада жеңімпазы, 12Д сынып оқушысы Ерасыл Қабылқасымов, тарихтан өткен Халықаралық олимпиадада 3 орын алған 10-сынып оқушысы Елнар Салпеков, семсерлесуден Қазақстан Республикасы чемпионатында 1 орын иеленген 8-сынып оқушысы Мансұр Естеу, INFOMATRIX – АЗИЯ халықаралық олимпиадасында 3 орынға ие болған 12-сынып оқушысы Саят Рысқалов ие болды.Сондай-ақ мектеп директоры ғылыми жобасы бойынша зияткерлік меншік патентін алған 12-сынып оқушысы Нұртөре Арынұрұлын ерекше атап өтті.

Білім күніне арналған салтанатта мектептің жас өнерпаздары: халықаралық байқаулардың лауреаты «Неформат» вокалды-аспаптар ансамблі мен «Жігер» домбырашылар ансамблі, «Ақкербез» би тобы өнерлерін ортаға салды. 

Жаңа оқу жылы қарсаңында «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған биология пәнінің мұғалімі Ардақ Қайролинқызы Нұрышева педагогикалық ұжым атынан балалар мен олардың ата-аналарын құттықтады.

Оқушылардың өзін-өзі басқару Кеңесі атынан құттықтау сөз сөйлеген мектеп Президенті Аружан Аусат «Өркен» білім грантының иегерлері – жетінші сынып оқушыларын осы тамаша мектепте білім алу мүмкіндігімен шын жүректен құттықтады. Аружан сонымен қатар түлектердің жетістіктерін мақтанышпен атап өтті – 2022 жылы мектеп бітірген 145 түлектің барлығы еліміздің және әлемнің үздік университеттерінің студенті атанды.

37 түлек Назарбаев Университетінің студенті атанды, 57 жас ең беделді шетелдік жоғары оқу орындарына түсті, 50-ден астам түлек еліміздің жетекші оқу орындарында грантпен оқитын болады.

Дәстүр бойынша салтанатты жиын күміс қоңырау үнімен аяқталды.

Алғашқы қоңырауды соғу құқығы химия пәнінен халықаралық олимпиаданың жеңімпазы, 12-сынып оқушысы Санжар Бисенәлі мен 7-сынып оқушысы, оқу озаты Жанель Төрежанға берілді.

    Жаңа 2022-2023 оқу жылының басталғанын жария еткен алғашқы қоңырау оқушыларды «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және отаншылдық» тақырыбындағы алғашқы сабаққа шақырды.

 

/td>