«Күн энергиясы мектептерге» жобасы жүзеге асуда

25 қарашада «Күн энергиясы мектептерге» жобасы аясында  Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы  Назарбаев Зияткерлік мектебінде Зияткерлік мектеп оқушылары мен мұғалімдерінің «Шелл Қазақстан» компаниясының өкілдерімен кездесуі өтті.  

 

«Күн энергиясы мектептерге» жобасы Энергетика министрлігі,  «Шелл» компаниясы мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы қол қойған ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асуда. Жоба Зияткерлік мектеп оқушыларының STEM білім-біліктерін дамытуға, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатты, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Зияткерлік мектептермен тығыз қарым-қатынас орнатқан «Шелл Қазақстан» компаниясының өкілдерімен кездесу бағдарламасы түрлі іс-шараларға толы болды.

Кездесу Нұр-Сұлтан қаласындағы IB Зияткерлік мектебінің, Халықаралық мектептің, физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімдеріне арналған лекциямен басталды. Халықаралық инженерлік-консалтингтік ILF компаниясының жетекші инженері   Штефан Рауэр (Steffen Rauer)  және  күн жүйелерін орнатумен айналысатын  «МЕК-Астана»  мердігер компаниясының  бас инженері Азамат Байтасов мұғалімдерге қалпына келетін энергия көздерін дамытудың басым бағыттары туралы баяндап, Нұр-Сұлтан, Ақтау, Орал қаласындағы Зияткерлік мектептерге орнатылған күн панельдерінің «құпиясын» ашты.

Күн панельдерін қолдану тиімділігі, фотоэлектрлік панельдермен жабдықталған арнайы тұрақ ерекшеліктері  туралы мұғалімдер қойған сұрақтарға дәрісшілермен қатар «Шелл Казахстан» компаниясының коммерциялық кеңесшісі Анатолий Леонтьев те дәйекті жауап берді.

Кездесу барысында қонақтар мектепті аралап,  оқу кабинеттерін көрді, «Технотроника» орталығында болып, қайта қалпына келетін энергия көздері технологияларына арналған оқушылардың ғылыми жобаларымен танысты.

12-сынып оқушылары Ынтықбаев Қасымхан, Дюсенов Нұралы  қонақтарға энергияны желісіз тарату әдістері мен оларды қолдану жолдары жайлы айтып берді. 11-сынып оқушысы Ахметов Амир күн сәулесін айна фокусында шоғырландыру арқылы энергия көзін арттыратын қондырғы макетін көрсетті. Сондай-ақ, қонақтар Шелл компаниясы орнатқан мектеп ауласындағы күн панельдері беретін энергияны пайдалану тиімділігі туралы 11-сынып оқушылары  Абуова Айбибі мен Егінбай Ақбибі ұсынған талдауды қызыға тыңдады.

Кездесудің екінші бөлімінде «Шелл Қазақстан» компаниясының, стратегиялық жобалар бизнесін дамыту менеджері Fridtjof Wisur Зияткерлік мектеп оқушыларын «жасыл» энергетикаға ауысу мәселелері мен «жасыл» технологияларды енгізу туралы лекцияға шақырды.

Халықаралық компанияның жетекші инженері Штефан Рауэр (Steffen Rauer)  мектеп оқушыларына өз тұтынушыларына техникалық жағынан күрделі, өндірістік және инфрақұрылымдық серпінді жобаларды жүзеге асыруға көмектесетін тәуелсіз ILF инженерлік компанияның жұмысымен қысқаша таныстырып өтті. Рауэр мырза өз сөзінің басым бөлігін күн энергиясы мен фотоэлектрлік жүйе жұмысына арнады.

Лекцияда көтерілген мәселеге, әлемде күн энергиясын тұтыну үдерісіне қызығушылық танытқан оқушылар үшін Шелл өкілдері қосымша факультативтік сабақ өткізді.

Мәнді кездесу «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының қызметкерлері, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, «Ақпараттандыру технологиялары Орталығының», «NIS Service» мамандарының қатысуымен өткен Дөңгелек үстел барысында  қорытындыланды. Дөңгелек үстелге қатысушылар күн панельдерін оқыту үдерісінде пайдалану жолдарын талқылады. Күн панельдері орнатылған барлық мектептерде оқушылар мен оқытушыларға ауа-райын, қанша энергия өндірілгенін, қаншасы жұмсалғанын көрсететін арнайы дисплейлер орнатылған айта кеткен  жөн. Мұндай ақпараттық кешенді оқыту үдерісінде пайдалана білу оқушылардың энергия туралы, энергия көздерінің қоршаған ортаға әсері туралы түсінік алуына мүмкіндік беріп, энергия қорын үнемді пайдалану дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасайтыны сөзсіз.