Кашихара – Астана

Жақында Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне 2020-Токио  олимпиадасының Кашихара қаласындағы спортты дамыту департаментінің жетекшісі Йошимура  мырза келді.

2020 жылғы Жазғы Олимпиада кезінде Кашихара қаласы Қазақстан Олимпиадалық командасын қарсы алатыны белгілі. Сондықтан да біздің еліміз, ұлы даланың тарихы мен  мәдениеті туралы көп білгісі келген Кашихара қаласының әкімшілігі қазақстандық спортшыларды қабылдауға дайындықты қазірден-ақ бастап кеткен.

Зияткерлік мектеппен танысу арқылы Қазақстанның білім жүйесі жайлы көп білгісі келген мәртебелі қонақтар мектеп кітапханасында, мәжіліс залында, мектеп асханасында болды,  робототехника және домбыра үйірмелерінің жұмысымен танысты.  Сондай-ақ Йошимура мырза мектептің спорт алаңында шаңғы теуіп жүрген оқушыларды қызыға бақылап, олармен бірге суретке түсті.

Зияткерлік мектеп оқушыларының жапон тілін оқып-үйренуге деген қызығушылығы жыл сайын артып отырғанын айта кету керек. 8-9-сыныптарда оқитын 15-тен аса оқушы жапон тілін екінші шет тілі ретінде оқиды. Күншығыс елінен келген қонақтар жапон тілінің маманы Н.Б.Судыева жүргізген сабаққа қатысып, 8-сынып оқушыларының тіл меңгеруге деген құлшынысын көрді. Ал 9-сынып оқушылары үшін жапон тілі сабағын Қазақстандағы жапон тілінің сарапшысы Сайто ханым жүргізді.  Сайто ханым Жазғы Олимпиаданы ұйымдастырушылар құрастырған «Кашихара Танбоу» атты оқулықтан бейнематериал көрсетіп, балаларға 2020 жылғы Жазғы Олимпиадалық ойындар туралы мол мағлұмат берді. Оқулық келешекте  жапон тілін үйренем деушілерге қосымша оқу құралы ретінде ұсынылмақ екен.

Зияткерлік мектепте өткен жапон тілі сабақтарына Қазақстандағы Жапон елшілігі мәдени-ақпарат бөлімінің хатшысы Комура Харухи ханым қатысты.