«Кітап әлемді бағындырады» – кітапқұмарлар мерекесі

25 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің спорт залында кітап мерекесі өтті. Мереке халықаралық балалар кітабы күні, 23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне орай осымен 3-ші жыл қатарынан «Кітап әлемді бағындырады» атты жоба аясында ұйымдастырылып отыр. Оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдерден тұратын мектеп ұжымын кітап оқуға тарту, рухани дамыту, кітап беделін қоғамда көтеруге бағытталған бұл шараға мектеп кітапханасы үлкен дайындықпен келді. Жоба барысында анықталған 72 жұп, яғни 144 қатысушы оқып шығуды көптеп көздеп, қалап жүрген кітаптарын осы күні сыйға алды.

Жоба барысында оқушылар мен ата-аналар, мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері алдын-ала өздері қалаған кітаптары туралы ақпаратты кітапханаға тапсырды. Кітапхана қызметкері жобаға қатысушылардың қандай кітап оқығысы келетінін зерделеп, қызығушылықтары сәйкес келетін жұптарды анықтаған болатын. Мерекелік салтанат барысында осы жұптар бір-бірімен танысып, кітаптармен алмасты.

Ұйымдастырушылар спорт залында жиналған кітапқұмарларға арнап “100 кітап” атты би композициясы мен арнайы сыйлықтар тарту етті.