«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ресми сайтында 2023-2024 оқу жылында 7-сыныпта білім алу үшін үміткерлерге өткізілген кешенді тестілеудің нәтижелері келесі сілтемеде https://www.nis.edu.kz/kz/res/index.html жарияланды.
ҚҰРМЕТТІ ҮМІТКЕРЛЕР ЖӘНЕ АТА-АНАЛАР!
Бүгін біз Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім алуға арналған «Өркен» грантын тағайындау бойынша конкурстық іріктеу нәтижелерін жариялаймыз.
Сіздерге мәлім, Зияткерлік мектептердегі конкурстық іріктеу жүйесі халықаралық стандарттарға сәйкес. Соңғы 10 жылда жүйе тиімділігін, ашықтығын дәлелдеді. Ең бастысы, оқушылар мен ата-аналардың сеніміне ие болды.
Оған дәлел – жыл сайын тапсырылған өтініштер санының артуы.
Биылғы конкурсқа 22 353 үміткер қатысты. Бұл орта есеппен бір орынға 3-тен 15 адамға дейін құрайды.
Еліміздің барлық өңірлеріндегі мектептерімізде білім алғысы келетін оқушылардың белсенділік танытқанына шын жүректен қуаныштымыз.
Зияткерлік мектептерде келесі оқу жылында білім алуға республикалық бюджеттен 2 664 грант қарастырылды. Республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларына – 144 грант, өңірлік мектептерге – 120 грант бөлінді.
Биылғы жылдың маңызды ерекшелігі – шекті балл жинаған үміткерлер оқу тіліне қарамастан бірыңғай сараланып, әрбір Зияткерлік мектепке бекітілді.
Сонымен қатар әр мектепке үміткерлердің резервтік тізімі бекітілді. Гранттар оқу жылының соңына дейін босаған орындарға әрбір мектептің резервтік тізіміне сәйкес тағайындалатын болады.
Құрметті грант иегерлері!
Грант иегері болуыңызбен құттықтаймын! Қыркүйек айында Зияткерлік мектептеріміз сіздер үшін есігін ашады.
Жаңа белестерді бағындыру жолында өзіңізді бір емес, бірнеше рет көрсете алатыныңызға сенімдімін.
Батыл және нәтижелі болыңыз!
Ізгі тілекпен, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.