Әлемді тануға, жаңа достар табуға, бақытты болуға берілген мүмкіндік үшін алғыс айтамын

2017жылs 13 қыркүйекте  Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушылары  21 – 30  тамызда Францияда  өткен «IESO» (International Earth Science Olympiad) – Жер туралы ғылымдардың Халықаралық олимпиадасына қатысқан 10-сынып оқушысы Калымова Аружан мен 12-сынып оқушысы Шынғыс Мөлдірмен кездесті.Олимпиаданың  командалық кезеңінде ESP (Earth Science Project) – Жер туралы  ғылымдар бойынша жоба қорғаған Аружан мен Мөлдірдің командасы олимпиаданың күміс жүлдегері атанған болатын.

Кездесуде жас  геологтар  «IESO– 2017» халықаралық олимпиадасы туралы, дайындық  барысы мен алыс елден алған әсерлері туралы баяндап берді.

 

Шынғыс Мөлдір,  12-сынып:

Жақында ғана біз 22 – 31тамыз аралығында Францияның  Ницца қаласында өткен «IESO – 2017» (International Earth Science Olympiad) олимпиадасынан оралдық.  Бұл олимпиада  геология, геофизика, метеорология, океанография, астрономия сынды ғылым салаларын қамтиды.

Осынау маңызды шараға дайындық қаңтар айында басталған болатын. Қаңтарда біз 9-11 сынып оқушылары арасында  мектепте өткен іріктеу олимпиадасында жеңіп шығып, “Жас Геолог” Корпоративті Қорында  дайындықтан өттік. Францияға аттанған қазақстандық командада төрт оқушы болса, соның үшеуі біздің мектептен еді. Атап айтсақ, олар Аружан Калымова, Винтенбах Владислав  және мен, Шынғыс Мөлдір. Ал команданың төртінші мүшесі – Өскемен қаласындағы  дарынды балаларға арналған мектептің  11- сынып оқушысы  Глеб Смирнов. Ол геология саласына көптен бері қызығушылық танытатын дарынды бала.

«IESO 2017» халықаралық олимпиадасына Францияға аттанар алдында біз Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiне шақырылдық. Бізді  вице-министр Тимур Токтабаев пен геология комитетінің төрағасы Ақбатыр  Надырбаев қабылдады.  Өзімізді таныстырып, болашақтағы жоспарларымыз туралы айтып берген біздерге үлкен ағалар өсиет айтып, жүрекжарды тілектерін білдірді.

Біздің команданың барлық шығындарын Шахмардан Есенов атындағы ғылым-білім беру Қоры көтерді.

Олимпиаданың ашылу салтанаты  22 тамызда болды, 29 елден келген 130 қатысушы өз мемлекетінің туын көтеріп, қызыл кілемде жүріп өтті. Қазақстан туын алып  жүру құрметіне мен ие болдым.  Келесі күні бізді Францияның  ұлттық паркі Меркантурге алып барды.  Біз Альпі тауларын көріп, оның көз қуантар көркіне, таза ауасына тәнті болдық. Жас геологтар ретінде  еш нәрсені назардан тыс қалдырмауға тырысып, тау жыныстарын, минерал тастарды зерттеуге, геологиялық процестерді талдауға  кірістік.

Калымова Аружан,  10-сынып:

Олимпиада үш түрлі кезеңнен тұрды: жеке есеп (жазбаша  тест және практикалық жұмыс), ESP (Жер туралы ғылым бойынша жоба ), ITFI (зерттеу жұмысы).

25 тамызда олимпиаданың практикалық кезеңі  алдын-ала белгіленген аймақтарда  өтті. Біз тау жыныстарының түрін, оның құрамына енетін минералдарды, сол аймақта болып өткен геологиялық  процестерді анықтадық. Жекелеген есептегі тапсырмаларды орындап болған соң, ең қызықты бөлім- ITFI және ESP командалық жарыстар басталды. Команда құрамында әртүрлі мемлекеттердің өкілдері болды, біз Мөлдір екеуміз екі түрлі командада жұмыс істедік.

Шынғыс Мөлдір,  12-сынып:

Мен олимпиаданың екі кезеңін Израиль, Австралия, Қытай, Германия, Индонезия, Италия және  Шри-Ланкадан келген 8 баладан тұратын команда құрамында өттім. «Team A» деп аталған біздің команда Кап-Д’ай жағалауын зерттеді. «Берілген аймаққа қандай геологиялық процестер қауіп төндіреді? –деген тақырып бойынша  команда жақсы жұмыс істедік. Олимпиада барысында біз орындаған тапсырмаларды Жапония, АҚШ, Австралияның атақты университеттерінің беделді профессорларынан тұратын халықаралық қазылар алқасы  бағалады.

Калымова Аружан,  10-сынып:

Олимпиада кезінде  біз әлемдегі ең кішкентай мемлекет  Монаконы көруге мүмкіндік алдық. Бұл ең танымды саяхат болды.  Ал келесі күнді «Жер жүйесі туралы білім жаңа планеталарды  игеруге қалай көмектеседі? деген зерттеу тақырыбы бойынша жасалатын презентацияға дайындыққа арнадық. Постерларды біз 19.00 тапсыруымыз керек еді, оларды соңғы минуттарға дейін бас көтермей дайындағанымыз есімнен кетпейді.

Шынғыс Мөлдір,  12-сынып:

Командалық жобалардың  презентациясы ғарыш серіктері мен ракеталар құрастырылатын  «Thales Alenia Space» өтті. Ал күннің екінші жартысында  сол орталықта Марсты игеру туралы қызықты дәріс тыңдадық. Соңғы күні әр мемлекет өзінің ұлттық өнерін көрсеткен үлкен мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Біздің ұлттық киім киіп, нақышына келтіре орындаған биіміз көрермендердің көңілінен шықты.

29 тамызда олимпиаданың жабылу салтанаты өтті. Біз құрқол қайтпадық. Жеке есепте бізді  өскемендік оқушы Смирнов Глеб қуантты.  Ол олимпиаданың қола медалін екі жазбаша тест пен төрт практикалық тесті дұрыс орындағаны үшін жеңіп алды. Командалық есепте құрамында біз болған екі команда күміс медаль иеленді.  Біз ортақ жеңісімізге қуана  шаттанып, бақытқа бөлендік.

Осылайша естен кетпес «IESO-2017» олимпиадасы арқасында біз әлемнің әр бұрышынан  жаңа достар таптық, көп нәрсе білдік.

Әлемді тануға, жаңа достар табуға, бақытты болуға берілген осындай мүмкіндік үшін мектебімзге, «Жас геолог» корпоративтік Қорына айтар алғысымыз зор.