ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТЕР ЖӘРМЕҢЕСІ ӨТТІ
20 ақпан күні Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінде ұлттық салт-дәстүрді, халықтар мәдениетін білуге арналған «Мәдениеттер жәрмеңкесі» өтті.
Жәрмеңкенің негізгі идеясы – оқушыларға әртүрлі халықтар мәдениетінің құндылығын көрсету, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға деген құрметті, қызығушылықты қалыптастыруға, мәдениетаралық құзыреттілікті дамытуға ықпал ету.
Жәрмеңкені Индонезия, Жапония, Оңтүстік Африка, Пәкістан елшіліктері мен Конфуций институты және Корей орталығының қолдауымен кураторлар мен оқушылар ұйымдастырды.
Ұлттық мәдениеттер мерекесін ұйымдастыруға халықаралық мұғалімдер белсене қатысты. Жәрмеңке шетелдік мұғалімдерге өз елінің мәдениетін таныстырудың бірегей мүмкіндігін берді.
Мектепте неміс, қытай, жапон, корей, француз тілдерін екінші шет тілі ретінде оқитын балалар осы елдердің мәдениетімен таныстырды.
Директордың сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары Жұлдыз Тұрғаналина атап өткендей, НЗМ-нің басым міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақ бойында басқа мәдениет өкілдерімен диалог жүргізу қабілетімен тығыз байланысты мәдениетаралық құзыреттердің жоғары деңгейін қалыптастыру. Мереке ұйымдастырушылары оқушылардың әртүрлі мәдениеттердің астарын түсінуі, оларды өздерінің мәдени тәжірибесімен салыстыруы, мәдениеттер арасындағы айырмашылықтар мен сәйкестіктерді табуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысты.