«ҰМАЙ» КОМАНДАСЫ «SOLVE FOR TOMORROW» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Ұмай» командасы Samsung компаниясының бастамасымен ұйымдастырылған «Solve for Tomorrow» атты республикалық әлеуметтік жобалар байқауында 450 мың теңгенің сертификат жүлдесін жеңіп алды.

«Solve for Tomorrow» – ғылым мен техниканың көмегімен басқаларға көмектескісі келетін, белсенді өмірлік позиция ұстанатын оқушыларға арналған байқау. Samsung компаниясы мектеп оқушыларының адамзат пен қоғамның өзекті мәселелерін шешуге көмектесетін тамаша идеялары үшін 10 миллион теңгеден астам қаржы бөлді.

Құрамында Нұртөре Арынұрұлы, Нұрсұлтан Мейрамбеков, Индира Қайратқызы, Уәлихан Рахымжанов бар Зияткерлік мектептің «Ұмай» командасы республикалық конкурсқа сұраныс берген 109 команданың арасынан іріктеуден сәтті өтіп, финалға жолдама алды.

Желтоқсанның 21-і күні финалға шыққан 10 үміткер командалар қатарында Зияткерлік мектептің жас зерттеушілері Алматыға аттанып, қазылар алқасы алдында өз жобасын қорғады. Байқауға ұсынылған модульдік гидропоникалық ферма технологиясын ауыл шаруашылығы саласына енгізу жайлы жоба зияткерлер ұсынған  идея ғана емес, болашаққа есептелген бизнес-жоба десе болады.

Гидропоникалық фермалар заманауи ауыл шаруашылығының болашағы болып табылады. Өсімдіктерді топырақты пайдаланбай, жасанды түрде жасалған ортада өсіру әдісі кез келген климаттық жағдайда дақылдарды жыл бойы өсіруге мүмкіндік береді.

«Ұмай» командасы өз жобасын жетілдіру бойынша бір жылдай жұмыс істеді, «Solve for Tomorrow» байқауы қарсаңында олар «Umai farm» – модульдік ферманы, оның ішінде бақылау камераларын, дабыл жүйелерін, жарық сенсорын және сумен жабдықтауды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаны жасады.

Айта кетейік, бұл жоба 2021 жылдың қараша айында ASTANA INNOVATIONS CHALLENGE STARTUP WEEKEND стартап-жобалары байқауында марапатталған болатын. 2021 жылдың желтоқсан айында республикалық телеарнада жас зерттеушілер туралы бейнематериал да көрсетілді.