МАЛАЙЗИЯЛЫҚ ОҚУШЫЛАР ҚАТЫСҚАН ТӘУЕЛСІЗДІК САБАҒЫ ӨТТІ

16 қыркүйекте астаналық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған «Тәуелсіздік сабағы» өтті.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, ағылшын тілінде өткен сабақтың мақсаты – оқушыларды Ұлт көшбасшысының беделі мен саяси аренадағы қызметімен жан-жақты таныстыру, Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтарын насихаттау.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз қол  жеткізген жетістіктер дәріптелген сабаққа елордадағы жетекші мектептердің  оқушыларымен қатар Малайзиядағы серіктес  мектеп – “PERMATApintar” дарынды жастарға арналған Ұлттық орталық оқушылары да қатысты. Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі “PERMATApintar”  орталығымен әріптестік қарым-қатынас орнатып, 2015 жылы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын. Тығыз достық қарым-қатынас орнатқан малайзиялық білім ордасының оқушылары қашықтан өткен сабаққа асқан қызығушылықпен қатысты.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Рауан Еселбаев өткізген Тәуелсіздік сабағының топтық жұмысқа негізделуі оқушыларды жоғары белсенділікке шақырды. Жоғары сынып оқушылары өз елінің тарихын жақсы білетіндіктерін көрсетті. Сабақ барысында 11-сынып оқушылары малайзиялық құрдастарына тәуелсіз Қазақстанның даму жолы туралы және еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың егеменді мемлекетті құрудағы маңызды рөлі туралы айтып берді.

Сабақта тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – Семей ядролық полигонының жабылуына ерекше назар аударылды. Кішкентай кезінде ядролық жарылыстың салдарын көрген ағылшын тілі мұғалімі Дина Аубакирова балаларға жарылыстардың қалай болғанын айтып берді.

Сабақ соңында жоғары сынып оқушылары тәуелсіз елде өмір сүрудің мәні туралы өз ойларымен бөлісті.

Кері байланыс барысында “PERMATApintar” серіктес мектебінің оқушылары қашықтықтан өткен сабақтан алған әсерлерімен бөлісті. Ахмад Заир бин Рушди өзінің көптеген жаңа және қызықты ақпарат алғанын атап өтті. Тәуелсіздік сабағы біздің елдерімізге – Малайзия мен Қазақстанға бір қадам жақын болуға көмектесті – дейді Ахмад, және ол бір күні, елдің мәдениеті мен тарихын жақынырақ білу үшін Қазақстанға келем  деп үміттенеді.

“Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған осындай іс-шараның бір бөлігі болу біз үшін үлкен мәртебе. Қатысқан студенттердің сессия барысында өз көзқарастары мен пікірлерін сенімді түрде ашық білдіргенін атап өткім келеді.Олардың өз елін қаншалықты жақсы көретіні анық көрінеді. Бұл үлгі аларлық жағдай. Сабақ бізге Қазақстанның тәуелсіздікке апаратын жолын жақсы түсінуге көмектесті”, – деп жазады малайзиялық серіктес мектеп оқушысы Лея майса Бин Масиерин.