Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жакеновке «Құрмет» орденін табыс етті.
Бүгін Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдындағы ерең еңбектері үшін белгілі қазақстандықтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті. Марапатталушылардың қатарында – алғашқы Назарбаев Зияткерлік мектебінің алғашқы директоры Мейрам Әміржанұлы Жакенов бар.
Ақордадағы салтанатты рәсімнен соң Мейрам Әміржанұлын Зияткерлік мектептегі әріптестері құттықтады.
– «Құрмет» ордені секілді мұндай жоғары марапат – біздің бірінші мектебіміз бен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің барлық жүйесі үшін үлкен жетістік, – NIS жүйесіндегі оқушылардың, ұстаздардың, ата-аналардың және барша қызметкерлердің атынан ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова құттықтады.
Мейрам Жакенов – еліміздің білім саласына еңбегі сіңген қызметкер. Қарағанды мемлекеттік политехникалық институтының және Ленинград мемлекеттік университетінің түлегі. Дарынды балалармен жұмыс бойынша «Сарыарқа дарыны» облыстық ғылыми-әдістемелік орталығында, Қарағандыдағы дарынды балаларға арналған «Мұрагер» облыстық мектебінде басшылық еткен. Ангола Ұлттық Репбуликасындағы педагогикалық институтта дәріс берген.
Мейрам Әміржанұлы NIS жүйесінде 2008 жылдан бері қызмет етіп келеді. Кембридж университетінің базасында «Education Leadership and School Improvement» зерттеу тәжірибесінен өткен. Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп 12 жыл ішінде оқушылардың, ұстаздардың және де түлектердің көптеген жетістіктерінің нәтижесінде отандық білім берудегі үздік білім ошағына айналды.
Мейрам Жакенов – Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталған.