Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі серіктес Ганновер аймағының (Германия) Халықаралық мектебінің өкілдерін қарсы алды.
«Серіктес мектептер» жобасы аясында Зияткерлік мектеп халықаралық серіктестік орнатылған оқу орындарынан оқушылар мен мұғалімдерді жыл сайын қабылдайды. Ганновермен орныққан байланыстардан басқа, мектеп Малайзиядағы “PERMATApintar” дарынды жастар ұлттық орталығымен және Ұлыбританиядағы Бирчвуд орта мектебімен тығыз достық қарым-қатынас орнатқан.
Халықаралық ынтымақтастық жобасы әртүрлі елдер мен мәдениеттерді байланыстыратын, білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген құрдастарымен достық қатынасты нығайтуға бірегей мүмкіндік беретін маңызды көпір болып табылады.
Айта кету керек, бұл алыстағы неміс достардың бірінші сапары емес; 2017-2019 жылдар аралығында Зияткерлік мектеп Ганновер Халықаралық мектебінің оқушыларын үш рет қабылдады. Алайда, пандемия кезіндегі қиындықтарға байланысты жыл сайынғы достық алмасу уақытша тоқтатылған еді. Үстіміздегі жылы мектептер жоба аясындағы бірлескен жұмысты қайта жаңғыртты.
7-13 қыркүйек аралығындағы апталық сапарда германиялық 6 оқушы мен екі мұғалім Қазақстанның бай мәдениетіне терең бойлайды.Олар жергілікті оқушылардың отбасында тұрады, ұлттық қонақжайлылыққа бөленіп, қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарды зерттейтін болады.
Сонымен қатар, балалар NIS мектебінің қалай құрылғанын және қазақстандық оқушылардың қалай оқитынын түсіну үшін оқу сабақтарына және сыныптан тыс іс-шараларға белсенді қатысады.
Экскурсиялық бағдарлама да қызықты іс-шараларға толы. Ганноверден келген қонақтар елорданың танымал көрікті жерлеріне саяхат жасайды, Ұлттық музей мен Назарбаев университетіне барады, сондай-ақ бүкіл Орталық Азиядағы ең үлкен мешітті тамашалай алады.
Бурабайға сапар барысында балалар қазақ жерінің сұлу табиғатымен танысады. Сонымен қатар, Ақмола облысы, Макенск кентіндегі мектеп оқушыларымен кездесу жоспарлануда.
Астана қаласының физика-математика бағытындағы NIS осы халықаралық білім беру жобасына қатысу мүмкіндігін мақтан тұтады, өйткені оқушылар мен мұғалімдермен алмасу білім мен тәжірибені байытып қана қоймай, балалардың берік, ұзақ мерзімді достық қарым-қатынас орнатуына ықпал етеді.