2023 жылдың 2 маусымында Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Оқушылардың әл-ауқаты: ашықтық, сенім және құрмет» атты мектеп конференциясы өтті.
Іс-шара мектеп мұғалімдерінің ғылыми-зерттеу мәдениетін дамыту, олардың зерттеулерін талқылау алаңын қамтамасыз ету, сондай-ақ тың идеялармен, әдістемелік әзірлемелермен алмасу және тәжірибемен бөлісу мақсатында ұйымдастырылды.
Конференцияны мектеп директоры Әсел Бейсембинова ашып, білім берудегі өзекті мәселелерді зерделеудің маңыздылығына, педагогикалық зерттеу тәжірибесін анықтау және таратуды қамтитын конференцияның мақсаттарына тоқталды. Мектеп директоры өз сөзінде Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің ғылыми-зерттеу қызметі олардың кәсіби өсуінің қайнар көзі, біліктілігін арттырудың қажетті алғышарты және педагогикалық шығармашылықтың негізгі критерийі екендігін атап өтті.
Конференцияда экономика ғылымдарының кандидаты, Назарбаев Университеті Жоғары білім мектебінің доценті Дуйшон Шаматов және НЗМ ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары, философия докторы Нәзипа Аюбаева сөз сөйледі. Ғалымдардың мектептегі мұндай ауқымды іс-шараға қатысуы мұғалімдердің ғылыми-зерттеу мәдениеті мен біліктілігін арттыру мәселелерін талқылауға арналған басқосу беделін арттыра түсті.
«Салауаттылық және инклюзивті білім беру» тақырыбында сөз сөйлеген доктор Д.Шаматов заманауи білім берудің міндеттеріне және инклюзивті білім беру кеңістігіндегі жеке тұлғаның психологиялық салауаттылығының жетістіктеріне тоқталды.
Аюбаева Нәзипа Алтынбекқызы білім сапасының маңыздылығына тоқталып, білім беру ортасындағы іс-тәжірибені зерделеу нәтижелерімен таныстырды. Мұғалімдерге мектепте туындайтын мәселелерді талдап, ой елегінен өткізіп, шешуге мүмкіндік беретін «Іс-әрекетті зерттеу» әдісінің құндылығы туралы айтты. Нәзипа Алтынбекқызы бұл әдісті мектеп жұмысына қалай қолдануға болатыны туралы да өз ойларын ортаға салды.
8 секцияны қамтыған конференция барысында 38 мұғалім өз зерттеу нәтижелерін әріптестерінің талқылауына ұсынды. Қорытынды пленарлық отырыста конференцияның қорытындысы шығарылып, нақты Ұсыныстар айтылды.
Мұғалімдердің ғылыми-зерттеу мәдениеті мен оқыту әдістемесіне қосқан үлесі және құнды идеяларын ұсынғаны үшін конференцияның үздік спикерлері мен үйлестірушілеріне алғыс хаттар табыс етілді.
Жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылған «Оқушылардың әл-ауқаты: ашықтық, сенім және құрмет» атты мектеп конференциясы білім сапасы мен оқушылардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін тәжірибе алмасу және өзекті мәселелерді талқылау алаңына айналды.