Мектеп қонақтарды қарсы алды

7 қазанда Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы  Назарбаев Зияткерлік мектебі Ресейден келген қонақтарды қарсы алды. Іс сапармен келген топ құрамында Мәскеудегі  Ғылым мен технология Университетінің, «Ұлттық зияткерлік даму» студенттер мен аспиранттардың, жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қолдау қорының, Құзыреттілік және іскерлік шешімдер Орталығының өкілдері болды. Мәскеулік өкілдермен қатар  топтың үлкен бөлігін РФ Ханты-Мансийск Югра автономды округының Білім беру және жастар саясаты  Департаментінің қызметкерлері  құрады.

Қонақтар Зияткерлік мектепте математика, информатика, биология, химия пәндері бойынша өткен кіріктірілген сабақтарға қатысты.

Сондай-ақ олар кеңейтілген физика зертханасын, мектеп телестудиясын көріп, кітапханада, оранжереяда болды, оқу кабинеттері мен үйірме жұмыстарына арналған бөлмелерді аралады.

Оқушылар 2 D және 3D дизайн технологиялары туралы біліп,  3D-принтермен жұмысты, лазерлі гравировка жасауды меңгеретін, интерактивті ойындар мен анимациялар жасауды үйренетін «Техноторий» орталығы қонақтарды қатты қызықтырды.  Ресейлік қонақтар «Техноторийде» Зияткерлік мектеп оқушыларының ғылыми жобаларымен танысты.  12-сынып оқушылары Алиев Алишер, Шаяхмет Эльдар қонақтарды өрт кезіндегі құтқару операцияларын жеңілдетуге мүмкіндік беретін «Fire security system» жобасымен таныстырды.  Айтжан Рахат, Оспанова Шырын жол үстінде жүргізушінің қалғып кетуіне жол бермейтін тәсіл ұсынылатын «Smart bus» жобасы туралы айтып берді.  9 –сынып оқушылары Тауекел Ерасыл мен Жакиенов Рахат «Импульс» ұшыру кешені мен қайта пайдалуға болатын ғарыш кемесінің моделін көрсетті.  Жас зияткерлердің ғылыми ізденістерімен танысу мектептің Жасыл аймағында жалғасты. Мұнда аквапоника  және  гидропоника жүйесі көмегімен  экологиялық таза өнімдер алудың балама жолдарымен танысты. Қонақтар іс-сапар соңында  мектептің «TEDx NIS club» жобасының жүзеге асырылуын бақылап,  спикерлер Акчурин Альнур мен Ерканатова Тамиланың таратуға лайықты ойларын тыңдады.