Индонезияда өткен Азиада-2018 ойындарында семсерлесуден Азиада чемпионы атанған Дмитрий Алексанин ел қоржынына көптен күткен алғашқы алтынды салған болатын. 10 қыркүйекте ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дмитрий Алексанин Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесті. Атақты спортшыны қарсы алған мектеп директоры Жакенов Мейрам Әміржанұлы Азиада тарихында тұңғыш рет шпагада семсерлесуден алтын медаль алған жеңімпазды құттықтап, құрмет көрсетті. Сөз кезегін алған мектептегі «Семсерлесу» секциясының жетекшісі Чурбаков Андрей Владимирович жалпы семсерлесу спорты жайлы қысқаша түсініктеме беріп өтті. Сонымен қатар ол Джакартадағы жарыста Дмитрий Алексаниннің қалай жеңіске жеткені, фаворит саналған Оңтүстік Кореяның екі спортшысы – Рио олимпиадасының чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Пак Сан Йонг пен Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Чон Джин Сонды қалай жеңгені туралы айтып берді.
Кездесу еркін пікір алмасу түрінде өтті. Жас зияткерлер спортшыға түрлі сауалдар қойып, жаттығулардың қалай өтетіні, сынға түсер сәтте өзін қалай дайындайтындығы, спортшыға керек қасиеттер жайлы білді. Сондай-ақ кездесу барысында балалар спортшының алтын медалін ұстап көруге мүмкіндік алды.
Кездесу соңында Дмитрий Алексанинге алғыс білдірген мектеп басшысы чемпионға кәдесый жасап, математика пәні мұғалімдері құрастырған «Астана геометриясы» атты кітапты тарту етті.