МЕКТЕПТЕГІ НАУРЫЗ-ДУМАН

6 сәуірде Астана қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінде «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мереке – думан өтті.
Көктем мерекесіне сай ерекше әдемі безендірілген мектеп алаңының ажарын тігілген кигіз үй, орнатылған алтыбақан аша түсті. Ұлттық киім киген оқушылар мен мұғалімдердің, ата-аналардың мерекеге үлкен дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр.
Мерекелік бағдарлама «Кербез-сұлу» би ансамблі орындаған «Наурыз» биімен ашылды.
Мектеп директоры Әсел Бейсембинова мектеп оқушылары мен қызметкерлерін, ата-аналарды ұлтымыздың ұлық мерекесімен құттықтады. Көктем мерекесінің ұрпақтар сабақтастығының, халқымыздың салт-дəстүрі мен бірлік-берекесінің символына айналғанын атап өтті.
Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Алимбетов Жаркымбек Копбайұлы ата-аналар атынан сөз сөйледі. Мереке-думанға жиналғандарға ақ батасын берген ақсақал мектеп оқушыларының елжанды, білімді азамат болып өсіп, туған жері – Қазақстанның абыройын арттыратындарына сенімділік білдірді.
Киіз үй үлгісінде арнайы дайындалған сахнада оқушылар «Тұсау кесу», «Шашу» сияқты салт-дәстүрлерді көрсетті. Жас өнерпаздар мен олардың ата-аналары қатысқан концерттік бағдарлама, әсем ән мен күмбірлеген күй, «Eclipse» модель клубы дайындаған киім үлгілері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Мереке кезінде түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, оқушылар мен қонақтар наурызкөже және басқа да ұлттық тағамдардан дәм татты.