22 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Президентін сайлау науқаны аяқталды. 23 сәуірде Сайлау комиссиясы ең көп дауыс жинаған үміткердің аты – жөнін жариялады. Оқушылар мен ұстаздар қауымдастығы мектеп тізгінін ұстар көшбасшыны ұсынылған үміткерлер қатарынан таңдады:
- АЗАМАТОВА НУРИЯ
- АЙТЖАН РАХАТ
- ВАЛИЕВА САЙОРА
- ДЮСЕКИНА ДИЛЬНАЗ
- ЕРКІН ЕРХАН
- ТҮЛЕУОВ ЕРНҰР.
Мектептің Student Council өзін-өзі басқару ұйымының жаңа көшбасшысы барлық жаңа жобалардың жетекшісі ретінде оқушылардың мүддесін қорғап, оқушылар үшін өзекті мәселелерді шешумен айналысады.
Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру науқанын ресми стандарттарға мүмкіндігінше жақындастырды: мектеп қауымдастығының әрбір мүшесі онлайн-платформа арқылы тіркеліп, жеке бюллетень арқылы өз таңдауын жасады.
Өткен апта Президент атануға үміткер оқушылардың үгіт-насихат жұмысына арналды. Үгіт апталығында түрлі кандидаттардың атынан: Сайораның шәйға шақыруы, Нурияның диалогы, Ерханның жәрмеңкесі сияқты көптеген іс-шаралар өтіп, кіреберісте кәмпиттер мен жарнамалар таратылды, плакаттар ілінді.
Сайлау оқушылар үшін ойын емес, болашақ үшін пайдалы дағдылар сабағы болды.
Үміткерлермен шешуші кездесу бейсенбіде мектеп кітапханасында өтті. Онда үміткерлер «Не себепті мектеп Президенті мен болуым керек?» тақырыбында сөз сөйледі. Әрбір оқушының мектеп өміріне, қоғамдық жұмыстарға қатысуын арттыру жолдары, өзін-өзі басқару ұйымының ішкі тәртібі мен жұмыс бағыттарын талқылады.
Дауыс беру қорытындысы бойынша 10-сынып оқушысы Еркін Ерхан ең көп дауыс жинап, мектептің жаңа Президенті болып сайланды. Ерхан БҰҰ модельдік конференцияларының белсенді қатысушысы, Германиядағы Ганновер Халықаралық мектебі (ISHR), Франциядағы Сен-Денисдегі еуропалық шығармашылық фестивалінде NIS өкілі болған. Сондай-ақ Ерхан Қызылорда қаласында өткен Наурыз кездесулеріне «Мульти-модульді орбиталық станция» атты зерттеу жобасымен қатысқан.
Мектеп ұжымы Ерхан мен оның жаңа командасына батыл жобалар, шығармашылық ізденіс, барлық бастамаларына сәттілік тілейді!