2 -3 наурыз күндері Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарына оқушыларды қабылдау бойынша конкурстық іріктеу өтеді. 2013 жылы Cito Педагогикалық өлшеулер институты (Нидерланды) мен Джонс Хопкинс университетінің Дарынды жастар орталығы (СTY), АҚШ стратегиялық серіктестерімен бірлесіп жасалған конкурстық іріктеу жүйесі оқушылардың пәндерді меңгеру қабілетін дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Биыл Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқуға 1081 бала ниет білдірді. Олардың 693-ы қазақ тілінде, 388 орыс тілінде білім алады. Өткен жылмен салыстырғанда үміткерлердің саны 80-ге жуық балаға көп.
Білім грантын ұтып алуға үміткер балалар екі түрлі тест тапсыруы тиіс. Бірінші тест жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді зерделеу қабілеттерін бағалауға арналған «Математика» және «Сандық сипаттамалар» бөлімдерінен тұрады. Екінші тілдік тест балалардың «Қазақ тілі», «Орыс тілі» және «Ағылшын тілін» меңгеру деңгейін анықтайды.
Тестілеу нәтижелері Нидерландыда орналасқан Cito Педагогикалық өлшеулер орталығында автоматтандырылған статистикалық және психометрикалық талдау негізінде жүзеге асырылады.
Тестілеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында тестілеу барысы онлайн-көрсетілім арқылы көрсетіледі. Тестілеу күндерінде онлайн-көрсетілім сілтемесі мектеп сайтында жарияланады әрі мектептің сыртқы аумағында ілінеді.
Үміткердің жинаған балл саны тестілеу тапсырғаннан кейін 40 күн өткен соң сайтта жарияланады. Яғни, сәуір айының екінші жартысында жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайтын оқушылар құрамы белгілі болады. Зияткерлік мектеп ойы биік, санасы ұшқыр, сезімі асқақ шәкірттерді күтеді.