«Моментум» – экономикалық сауатты болуға көмектесетін бағдарлама

Елімізді өркендетуге өз үлесін қосып, өмірде орнын таба білетін  экономикалық сауатты азаматтар мәселесі бірінші кезекте тұрған қазіргі шақта мектеп оқушыларының экономикалық сауатын ашу, оларды кәсіпкерлікке баулу аса маңызды мәселелердің бірі.

23 қазанда Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдерге арналған «Моментум» бағдарламасы бойынша семинар-практикум басталды. Оқушыларды кәсіпкерлікке баулуға арналған израильдық  бағдарлама меценат Александр Машкевичтің қолдауымен Астана қаласы әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы бірлесе отырып жүзеге асырады. Зияткерлік мектептің 11-сыныпта оқитын жиырма оқушысы және сегіз мұғалімі, Астана қаласының «№56 мектеп-лицей» мен «Білім Инновация Лицейі» сынды білім ошақтарының оқушылары мен мұғалімдері бұл бағдарламаның бірінші тыңдармандары болды.

Кәсіпкерлікке баулу мектебі –ойлау қабілетін дамытып, дұрыс пайымдауды, шешім қабылдауды үйретеді. Сондықтан «Моментум» бағдарламасына кәсіпкерліктің базалық  негіздерімен қатар жас кәсіпкерге жетістікке жетуге көмектесетін өмірлік дағдыларды дамытуға бағытталған бірқатар сабақтар енгізілген.

Семинар-практикумды Тель-Авив университеті жанындағы кәсіпкерлікті Дамыту Орталығының директоры Елена Донец және инновациялар саласындағы жоба менеджері, Duco компаниясының PBL (project-based learning) тренері Марина Цимблер жүргізеді.