2022 жылдың 17 қыркүйегінде Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінде «Берік отбасы» бағдарламасы бойынша кезекті курс басталды. 2022-2023 оқу жылында аталған жобаға 10-нан аса отбасы қамтылады.
Ата-аналар мен 10-14 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған «Берік отбасы» пилоттық жобасы 2018-2019 оқу жылында басталған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің мінез-құлқында ауытқулар тудыратын отбасылық факторлардың санын азайту, сондай-ақ балалар мен олардың ата-аналары, арасындағы жақсы қарым-қатынасты дамытуға ықпал ету.
Ұйымдастырушылар ата-аналар мен балалар үшін аптасына бір рет өтетін 7 кездесу жоспарлап отыр. Әр сенбіде белгілі бір тақырыпқа бағытталған сабаққа ата-аналар мен балалар қатар қатысады.
Мектепте бұл жобаны жүзеге асыру үшін педагог-психологтар бағдарлама тренерлерін дайындау курстарын ұйымдастырды. Тренингке 7-сыныптың педагог-ұйымдастырушы-кураторлары, жатақхананың тәрбиешілері қатысты.
Бағдарламаға қатысқан ата-аналар бала тәрбиесіне деген көқарастарын көбіне қайта қарастырады (қалыптасқан жағдайды және балаларының психологиялық ахуалын тиімді талдай білу, балалары қобалжыған немесе ренжіген кезде оларды сабырмен тыңдап, түсіну сияқты дағдыларды меңгеру). Күнделікті қарым-қатынастағы бұл өзгерістер, өз кезегінде, отбасының эмоционалдық ахуалындағы оң өзгерістеріне әкеледі.
Бағдарлама аясында көтерілген мәселелер мен тақырыптар ата-аналардың белсенді талқылауларын тудырды. Бұл жайт баламен тіл табысу проблемасының өзектілігін дәлелдей түседі. Әйтседе, бағдарламаның жекелеген тақырыптарын талқылау отбасылық қарым-қатынас пен отбасылық этикеттің дәстүрлі үлгісі тұрғысында біздің шындыққа сәйкестендірілуі керектігін атап өткен ата-аналар да болды.
Мектеп психологы Татьяна Батлукова айтуынша, бағдарлама аясында таратылған ақпарат ата-аналар үшін үлкен жаңалық емес еді. Әйтсе де, жобаға қатысушылар курстың арқасында отбасында қалыптасқан жағдайға жаңаша қарай бастағандарын, бала тәрбиесінде кейбір сәттерді өзгерткісі келетінін, өз іс-әрекетін қайта ойластырып, балалармен қарым-қатынасын басқаша құрғысы келгенін айтқан.