Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы Нұрсәт Өмірбеков «Медиа» бағыты бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жеңіп алды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында еліміздегі дарынды жастарды қолдауға биыл алғаш рет әрқайсысы 3 миллион теңгеден 30 грант бөлінді. Сол гранттың бірін Нұрсәт иеленді. Грантты NIS оқушысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі табыс етті.
«Медиа» гранты Нұрсәтке мектеп бағдарламасына қаржылық сауаттылық сабақтарын енгізу, оқушыларға танымдық және пайдалы контент жасау идеясын жүзеге асыру үшін берілді.
Нұрсат Өмірбеков болашағын қаржы және экономика саласымен байланыстыруды жоспарлап отырған талапты жас. Нұртас IV халықаралық экономика олимпиадасының (IEO) қола жүлдегері. Американың болашақ бизнес көшбасшылары олимпиадасына «жеке қаржы» бағыты бойынша қатысқан дарынды жас финалдық турдың қатысушысы ретінде ұлттық конференцияға шақыру алған.
2021 жылдың шілде айында Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау бойынша байқау басталғанын жариялаған болатын. Байқаудың мақсаты – белсенді шығармашыл жастар қоғамдастығын қалыптастыруға бағытталған 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсету.