22 қаңтарда мектеп сахнасында М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртісі Сергей Матвеев өзінің авторлық жобасы – «Пушкинмен оңашада» атты моноспектаклін қойды.
Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен мұғалімдері алдында ұлы орыс ақыны А.С.Пушкин шығармаларын бір сағат бойы жатқа оқыған ҚР Халық әртісі, Мәдениет қайраткері көрермендерін бірден өзіне баурап алды. Оқушылар әртістің шығарманы нақышына келтіре оқу мәнерінен, құбылған дауыс ырғағынан сахна төріне бейне бір Пушкиннің өзі шыққандай әсер алды. Сахна безендірілуіне қолданылған санаулы ғана 19- ғасырға тән заттардың: қолжазбалар жатқан үстел, қауырсын қалам, шәлі арқылы әртіс Пушкин кейіпкеріне айналып, өзімен бірге толғануға, тебіренуге шақырды.
Әртістің командасы әр шығарма орындалғанда оны ерекше жарықпен, музыкамен, түрлі дыбыстармен көркемдеп, тыңдармандар назарына шығарма интонациясын барынша айқын жеткізуге ұмтылды.
Оқушылар адам психологиясы жан-жақты суреттелген «Сараң рыцарь» трагедиясындағы барон монологын, «Пиковая дама» повесінен үзінді тыңдады, әрбір кейіпкер сөзін сол кейіпкер бейнесінде толғай білген әртістің шеберлігіне тәнті болды. Әр тыңдаушының жүрегіне, сезіміне әсер ете білген Сергей Матвеев залды спектакль аяқталғанға дейін бір толқында ұстай білді.
«Пушкинмен оңашада» кездескен жас зияткерлер моноспектакль арқылы сөз асылын табуға, сөз мағынасын ұғуға, дарынды сөзді тани білуге үйренді.