Наурыз – 2019: «Ғарыш. Ғылым. Интеллект»

15-18 наурыз аралығында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» тақырыбына арналған ІХ Наурыз кездесулері өтуде.

– Жастар жылына арналған Наурыз кездесулерінің басты аерекшелігі – оқушылар Байқоңыр ғарыш станциясында ғарыш зымыранының ұшуын өз көздерімен көріп, тарихи сәттің куәгері болуы, – деді дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымының міндетін атқарушы Светлана Испусинова  «Хабар24» телеарнасының тікелей эфирінде.

I        X Наурыз кездесулерін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов ресми түрде ашты. Кездесудің басты спикерлерінің бірі NASA және SpaceX секілді ғарыш саласының көшбасшы орталықтарында еңбек еткен, космонавтика саласының халықаралық сарапшысы Майкл Лутомски және NASA-ның ғылыми зерттеушісі Правин Пратапан болды.

Наурыз кездесулері барысында әуеғарыш инженерия саласының ең өзекті мәселелерін қозғайтын 80-нен аса ғылыми жобалар таныстырылды. Олардың қатарында  тақырып  өзектілігі мен ауқымдылығымен ерекшеленген Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларының жобалары да бар. 11-сынып оқушысы Акчурин Альнур  “Ғарыш. Жер экологиясы” номинациясы  бойынша «Агрогель. Ғарыш жағдайында өсімдіктер өсіру» тақырыбында өз жобасын қорғады. «Планетааралық ұшулар» номинациясы бойынша  8-сынып оқушылары Тәуекел Ерасыл мен Жакиенов Рахат «Импульс» старт кешені мен қолданыста көп болатын ғарыштық кеме макетін ұсынды.  «Ғарыш аппараттарының қолданбалы моделі» секциясы бойынша 10 –сынып оқушысы  Еркін Ерхан болашақтың орбиталық станциясының макетімен таныстырды. Ғарышкерлер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов зияткерлердің жобаларына қызығушылық танытып,  балалардың идеяларының өзектілігі мен білімдерінің тереңдігін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, IX Наурыз кездесулері барысында зымыран құрастыру мен зерттеуге арналған құрылғылар – телескоп,  VR-көзілдірік пен планер, парашюттерді дайындау бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

Алғашқы күннің соңында қатысушыларға Қызылорда қаласына экскурсия ұйымдастырылып, делегация Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Оқушылар сарайына барды.