Наурыздағы жетістіктермен төртінші тоқсан басталды

25 наурызда жаңа оқу тоқсанының басталуына орай өткізілген мектепішілік апталық саптүзеуде мектеп өз жеңімпаздарын – халқаралық, республикалық олимпиадалар мен шығармашылық байқаулардың жүлдегерлерін  салтанатпен атап өтті.

Көктемгі каникул күндері өткен халқаралық, республикалық олимпиадалар мен шығармашылық байқауларда көзге түсіп, жеңімпаз танылған 30 аса оқушы дипломдар мен медальдарға ие болды. Мектеп директоры Мейрам Әміржанұлы әрбір жеңімпазды жеке құттықтап, білімімен, дарынымен ерекшеленген оқушыларды марапаттады.

Зияткерлік мектеп үшін аса маңызды жетістіктер қатарында мектеп оқушыларының республикалық пән олимпиадасындағы жеңісін атауға болады. Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республикалық олимпиада наурыздың 15-20 аралығында Ақтөбе қаласында өткен болатын.  Олимпиадада физика пәні бойынша 10 Е сынып оқушысы Исмагулов Темірлан тартысты білім бәйгесінде бірінші орынды жеңіп алып, алтын медаль иеленді. 11-сынып оқушысы  Мұратов Әділхан информатика пәнінен 2 орын алып, күміс медаль иегері атанды. Химия пәні бойынша білімімен көпті жыққан 10 -сынып оқушысы Ярулин Адай 3 орын алып,  қола медальмен марапатталды.

Жас зияткерлер қол жеткізген жетістіктер қатарында тағы бір үлкен табыс – ол  Қызылорда қаласында өткен Наурыз кездесулеріндегі екі бірдей бірінші орын. Мейрам Әміржанұлы Наурыз кездесулерінің жеңімпаздарына Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне 100 пайыздық тегін оқу гранты туралы сертификаттарды табыс етті. Беделді оқу орнында оқу Грантын 11-сынып оқушысы Альнұр Акчурин,  8-сынып оқушылары Ерасыл Тәуекел мен Рахат Жакиенов ұтып алды.  Ерасыл мен Рахат – «Импульс» старт кешені мен қолданыста көп болатын ғарыш кемесінің макетінің авторлары. Олардың ғылыми жобасын ғарышкерлер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов ерекше атап өткен болатын. 11-сынып оқушысы Альнұр Акчуриннің  «Агрогель. Ғарыш жағдайында өсімдіктер өсіру» тақырыбындағы жобасы Наурыз кездесулерінің қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, 1 орын алған болатын.

Осылайша көтеріңкі көңіл-күймен, жеңімпаздар шеруімен мектеп төртінші, соңғы оқу тоқсанын бастады.