NG-PHOTOBIO – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК РОБОТТАР ОЛИМПИАДАСЫНА ЖОЛДАМА АЛҒАН ҮЗДІК ЖОБА

Назарбаев Зияткерлік мектептері World Robot Olympiad 2021 олимпиадасының әлемдік кезеңіне Қазақстан атынан қатысу құқығына ие болған  ұлттық чемпионат жеңімпаздарын жариялады,

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің командасы дүниежүзілік роботтар олимпиадасының  ұлттық кезеңінде жоғары шығармашылық санат жеңімпазы деп танылды. Амина Рахымбергенова, Алдияр Пазилов және Дәулет Мұханов (жаттықтырушысы Бақытгүл Қажыкенова) 2021 жылдың қарашасында онлайн режимінде өтетін WRO-2021 әлемдік кезеңіне қатысу құқығына ие болды.

WRO-2021 байқауының биылғы басты тақырыбы – PowerBots, жасыл экономиканың болашағы, жаңартылатын жаңа энергия көздерін алу жолдары, экологиялық жауапкершілік.

Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің NG-PHOTOBIO командасы атынан қатысқан жас робототехниктер берілген тақырып бойынша жасанды интеллект қағидаттарын пайдаланатын робот құрастырды. Робот жер бетіндегі ең жылдам өсетін өсімдік – балдырлардан биоотын алу үшін қолданылады. Зияткерлер үшінші буын биоотындары деп аталып кеткен жанармайды алудың жаңа жолын ұсынды.

«Қазылар алқасы біздің роботты үздік деп таңдады. Бұл бізге берілген керемет баға. Алда команданы жарыстың әлемдік кезеңі күтеді, жүзеге асырар жоспарларымыз көп. Ұлттық кезең көптеген идеялар берді, жобаны жетілдіре түсу бойынша нақты ойларымыз аз емес», – дейді команда жаттықтырушысы Бақытгүл Қажыкенова.