“Interact” клубының мүшелері көпбалалы және аз қамтамасыз етілген жанұя балаларына арнап Зияткерлік мектепке оқуға түсуге көмектесетін дайындық курстарын ұйымдастырды.
Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 12-сынып оқушысы Мадина Арапованың бастамасымен құрылған “Interact” клубының жұмыс істей бастағанына көп уақыт болған жоқ. Клуб халықаралық “Rotary” қайырымдылық қорымен ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп, оның құрамдас бөлігі болып табылады. Клубтың басты мақсаты мұқтаж жандарға көмек қолын созу, қайырымдылық жасау, қоршаған ортаны қорғау.
“NIS for All” жобасы – клубтың алғашқы жобаларының бірі. «Зияткерлік мектеп – баршамызға» деп аталған жобаның негізгі мақсаты көпбалалы және аз қамтамасыз етілген жанұя балаларына Елбасы атындағы мектепке оқуға түсуге көмектесу. Зияткерлік мектептің жоғары сыныбында оқитын клуб мүшелері оқуға деген қызығушылығы жоғары, бірақ дайындық курстарына қатысуға мүмкіндігі жоқ балалар үшін қосымша тегін сабақтар жүргізуді қолға алған.
20 желтоқсанда “Interact” клубының мүшелері дайындық жасап жүрген бір топ оқушыны Зияткерлік мектеппен танысуға шақырды. Өйткені өзінің оқуға деген тілегі мен құштарлығы күшті бала ғана жан-жақты жақсы дайындала алатыны белгілі. Сондықтан клуб өз қамқорлықтарына алған жеткіншектерді осылай ынталандырып, оларды жақсылап дайындауға бар күшін салмақшы. Балалар саяхаттан соң мектептің өте ұнағанын, Зияткерлік мектеп оқушысы ретінде осында қайта келгілері келетінін айтты.
“NIS for All” жобасы – жақында халықаралық “Rotary” клубтары ассоциациясының сертификатын алған «Interact» клубының алғашқы үлкен қадамы. Клуб мүшелері қоғамымыз бен қоршаған ортаны оң өзгерістер енгізу арқылы жақсарту бойынша әлі талай игі істердің басында болары сөзсіз.