NIS ОҚУШЫСЫ ЕЛНАР САЛПЕКОВ RISE GLOBAL ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ
Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Елнар Салпеков беделді Rise Global бағдарламасының 2023 жылғы жеңімпазы атанды.
Rise – дарынды жастарды қолдау мен дамытуға арналған жаһандық бастама. Бағдарлама түрлі жобаларды қаржыландырады, жастарға тәлімгерлік қолдау көрсетеді, жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлейді және мансапты қалыптастыруға көмектеседі.
2022 жылы Нью-Йоркте өткен «International History Olympiad» байқауында жеңімпаз танылған Қазақстанның тұңғыш өкілі Елнар жетістіктері және әлеуетімен Rise Global бағдарламасының назарын өзіне аударды.
2020 жылы Елнар досымен бірге жеміс чипстерін шығаратын стартаптың негізін қалады. Олардың бастамасына Parmigiano Group басшысының қалай инвестиция салғаны туралы Forbes журналы жазған болатын.
Rise бағдарламасына NIS оқушысы жасыл дренаж саласындағы инновациялық жобасын ұсынды. Бұл жоба табиғаттағы су айналымы қағидатына негізделіп, қаладағы су тасқыны қаупін азайтуға және су ресурстарын ластанудан қорғауға бағытталған.
Болашақта Елнар осындай қондырғыларды бүкіл әлем бойынша іске асыруға, сол арқылы қоршаған орта мәселелерін шешуге өз үлесін қосуды мақсат етеді.