2022 жылдың 23 желтоқсанында Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінде әр жылдардағы түлектер жиналған Түлектер форумы өтті.
Іс-шараны ұйымдастыруға «Alumni NIS » қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.
Шараға Зияткерлік мектепті бітірген 35-тен астам түлек қатысты. Олардың қатарында: Мадина Сәбитқызы – Пенсильвания университетінің студенті, Ахат Сүлейменов – NYUAD, БАӘ, Алишер Айымдос – Германиядағы FHWS университетінің студенті, Қасымжан Асылжан – Йонсей университетінің студенті, Оңтүстік Корея, Дүйсебаев Иманғали – Аризона мемлекеттік университетінің студенті және т.б. бар.
Форумға қатысушыларға арнап мектеп директоры Әсел Бейсембинова құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде Әсел Сайдуғалиқызы елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебі – 1300-ден астам түлегі бар NIS жүйесіндегі алғашқы Зияткерлік мектеп екенін, 5 түлек шырмауық лигасындағы университеттерден шақырту алғанын мақтанышпен атап өтті.
«Үйге қош келдіңіздер! Барлығыңыз NIS үлкен отбасының бір мүшесі болып табыласыздар. Біз әрбір түлегімізді мақтан тұтамыз!, – деді Әсел Бейсембинова.
Сөз соңында мектеп басшысы бүгінде мектепте ұстаздық қызмет атқарып жүрген NIS -тің 11 түлегіне құрмет ленталары мен сертификаттар табыс етті.
«Alumni NIS» қоғамдық бірлестігінің кураторы Салтанат Чыстыбаева форумға жиналған оқушыларға түлектер бірлестігінің қызметі, еліміздегі Зияткерлік мектептердің бұрынғы оқушылары қазір әлемнің қай жерінде тұрып, еңбек етіп жатқаны жайлы баяндап берді.
Форум аясында бірқатар панельдік сессиялар өткізілді, онда жоғары сынып оқушыларына ЖОО таңдау және оқуға түсуге дайындық мәселелерін талқылауға мүмкіндік берілді. Әңгіме мазмұнды болды, спикерлер жоғары сынып оқушыларына қабылдау емтихандарының жүйесі туралы айтып, тәжірибелерімен бөлісті, пайдалы кеңестер мен ұсыныстар берді.
Форум жұмысын мектептің кәсіптік бағдар беру жөніндегі кеңесшісі, НЗМ түлегі Аян Аят үйлестірді.
Ресми бөлімнен кейін форумға қатысушылар шайға шақырылды, сағыныса қауышқан түлектер достық ортада әсерлерімен бөлісті.