Жақында «Caspian Startup-2022» халықаралық стартаптар байқауының қорытындысы шығарылды.
Ақтау қаласында өткен дәстүрлі байқауға Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстаннан 120-дан астам жоба келіп түсті. Олардың барлығы табысты стартаптарды құру және ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған.
Финалдық турға қатысушылар «Болашақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу», «Туризм» номинациялары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарды ұсынды. Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп атынан 11- сынып оқушылары Алдияр Пазилов, Ерасыл Кабылкасымов және Алдияр Рамазанов қатысты. Алдияр «Caspian StartUp & Demo Day» финалдық кезеңіне өз жобасын ұсынса, Алдияр Пазилов, Ерасыл Кабылкасымов Astana HUB модераторлары болды.
Алғаш рет «Caspian Startup-2022» байқауымен қатар Зияткерлік мектептер мен Халықаралық IT-стартаптар технопаркі ұйымдастырған жаңа жобасының қатысушыларын біріктіретін Demo Day шарасы өтті. Үш ай бойы NIS оқушылары Astana HUB-та онлайн оқудан өтіп, тәлімгерлермен бірлесіп өз жобаларын әзірледі, келешегі зор жобалардың авторлары өз жетістіктерін көрсетіп, қорғау үшін Ақтауға келді. Demo Day алаңында Astana HUB өткізген шеберлік сағаттар топтамасы да сұранысқа ие болды. Оқушылар бірінші шеберлік сағатта «Стартап және технологиялық кәсіпкерлік дегеніміз не?» сауалы төңірегінде білім беру бағдарламалары кеңсесінің аға менеджері Назира Ізбасармен бірге ой бөлісті.
Astana HUB және Ұлттық зияткерлік меншік институтының қолдауымен Ақтауда өткен Caspian Startup байқауының финалдық туры қатысушылары үшін ауқымды оқыту ұйымдастырылды, интерактивті сессиялар мен мастер-класстар бизнес-коммуникациялар, STEM-білім, бағдарламалау, авторлық құқық, биотехнология, фармакология, баламалы энергия көздері, сондай-ақ бүгінгі заманның басты басымдықтарына арналды. Криминалистикадағы заманауи химиялық талдау әдістеріне арналған «Шерлок Холмстың ұрпақтары» атты жоспарлы шеберлік сағаты үлкен қызығушылық тудырды.
Зияткерлік мектептерді дамыту департаментінің директоры Рустам Абилов пен Astana HUB-тың басқарушы директоры Жамбыл Махметов қол қойған меморандум NIS пен IT-стартаптардың халықаралық технопаркі арасындағы табысты ынтымақтастықтың қисынды жалғасы болды.