2021 жылдың 13-17 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте негізгі пәндер бойынша 8-12 сынып оқушыларының оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізілуде.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Аян Алтынбековтың айтуынша, мониторинг Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау саясатына сәйкес жыл сайын қыркүйек, қаңтар, сәуір айларында жүйелі түрде жүзеге асырылады.
Мониторинг бірнеше күн бойы “Математика”, “Физика”, “Химия”, “Биология”, “Қазақстан тарихы”, “Қазіргі әлемдегі Қазақстан”, “Информатика”, “География” пәндері бойынша компьютерлік тестілеу түрінде жүргізіледі.
Сонымен қатар 8-12 сынып оқушылары тілдік пәндер бойынша тест сұрақтарына жауап беріп, сөйлеу әрекетінің түрлерін: “оқу”, “тыңдау”, “жазу” және “сөйлеуді” меңгеру деңгейін көрсетеді.
7-сынып оқушылары үшін бұл “кіріс” мониторингі болып табылады. Олар математика және тілдік пәндер бойынша берілген тест сұрақтарынан басқа, кеңістіктік ойлауға арналған тапсырмаларды орындайды.
«Мониторинг – бұл оқу процесін, материалды игерудің тиімділігін бақылау, білім мен дағдылардағы олқылықтарды анықтау, қиындықтардың себептерін білу. Оқыту нәтижелерін осылайша бақылау педагогикалық процестің барысына баға беруге, оның одан әрі дамуын болжауға және жұмыс барысына түзетулер енгізу үшін ұсыныстар жасауға көмектеседі. Мониторингтің негізгі мақсаты – білім беру сапасын арттыру» – дейді мектеп директорының орынбасары.