«Қолдайық, ауыл мектебін» атты республикалық акция өтті

2018 жыл 28 мамырда «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» 10 жылдық мерейтойына арналған «Қолдайық, ауыл мектебін!» (Поддержи сельскую школу, Let`s support rural schools) атты акция өтті.
Әлеуметтік акция аясында Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен мұғалімдері Ақмола облысы, Біржан сал ауданына қарасты Казгородок кентіндегі орта мектепке барды. Бұл күні ауыл мектебінің мұғалімдері үшін Педагогикалық шеберлік Орталығы жаттықтырушыларының қатысуымен әдістемелік десант өткізілді, критериалды бағалау жүйесі мен білім мазмұнын жаңарту бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Жаттықтырушылар ауыл мұғалімдерін smk edu.kz желілік әдістемелік кешені мен Педагогикалық шеберлік Орталығының әдістемелік базасымен таныстырды.
Student Council – оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының мүшелері Казгородок орта мектебінің оқушыларымен кездесіп, Зияткерлік мектептегі оқушылардың басқару Кеңесі мен «Шаңырақ» қауымдастығы туралы айтып берді.
Жас зияткерлер ауыл мектебінің ұжымына арнап концерттік бағдарлама дайындады. Домбыра ансамблінің орындауындағы Құрманғазы күйлері мен «Тарлан» театрының «Арыстан патша» атты ағылшын тіліндегі қойылымын көрермендер жылы қабылдады.
Акция барысында жас зияткерлер «Bookcrossing» акциясы бойынша өздері жинаған 250 аса әдеби кітаптарды ауыл мектебінің кітапханасына тапсырды. Сонымен қатар Астаналық мұғалімдер мектеп дәлізінде «Оқу. Іздену.Талаптану» деп аталған қабырғаны безендіруге көмектесті. Бұл ақпараттық қабырғада «Рухани жанғыру» жобасы бойынша 100 жаңа оқулық», «Зияткерлік мектепте оқуға ұсынылған 100 кітап» бағдарламасы туралы материалдар ілінді.
Ауыл мектебі үшін ең үлкен сый Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары құрастырған 3D принтер болды. Бұл технологиялық жаңа дүние Казгородок оқушыларына 3-D форматында модельдеуге, модельдер жасауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ ауыл мектебіне SAMSUNG SL-M2070 түрлі-түсті 2 принтер, 100 құмыра бөлме гүлдері, дене шынықтыру сабақтарына қажет доптар тарту етілді.
Астана қаласындағы Зияткерлік мектеп келешекте де ауыл мектептеріне Зияткерлік мектеп тәжірибесін тарату, әдістемелік көмек көрсету бойынша түрлі жобаларды жүзеге асыратын болады.