2023 жылғы 21-29 желтоқсан аралығында елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп базасында математика, физика және информатика пәндері бойынша олимпиадалық резерв құрамына арналған оқу-жаттығу жиындары (ОЖЖ) өтеді.
Олимпиадалардың мектеп және желілік кезеңдерінде іріктеуден сәтті өткен 8-9 сыныптарда оқитын 130-дан астам талапты оқушылар осы білім беру бағдарламасына қатысуға шақырылды.
Оқу-жаттығу жиынын өткізудің негізгі мақсаты-пәндік білімге жоғары қызығушылық пен қабілет танытатын талантты оқушылар арасында олимпиадалық резервті қалыптастыру. Сонымен қатар, бағдарлама жаратылыстану-математикалық пәндер саласындағы барлық деңгейдегі олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін сапалы даярлауды қолдау көрсетіп, дайындық жұмыстарын қамтамасыз етеді.
Оқу сабақтарын түрлі олимпиадалардың қазылар алқасының мүшелері болып табылатын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибелі жаттықтырушылары мен оқытушылары жүргізеді. Бағдарлама күрделі олимпиадалық есептердің түрлерін егжей-тегжейлі талдауға, сондай-ақ оларды шешу алгоритмдерін зерттеуге бағытталған.
Оқу-жаттығу жиындары білім сайыстарына дайындалып қана қоймай, әртүрлі өңірлерден келген қүрбы-құрдастарымен бірге демалуға, олармен тәжірибе алмасып, білгендерімен бөлісуге бірегей мүмкіндік береді.