Қытай тілін екінші шетел тілі ретінде оқитын Астаналық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің оқушылары Пекин Паласқа шақыру алды.
Қазақстандағы Қытай елшілі Халықаралық балаларды қорғау күні құрметіне арнап арнайы қабылдау ұйымдастырды.
– Біз Аспан асты елінің салт-дәстүріне, тіліне, мәдениетіне, тарихына қызығушылық танытқан жас достарымызды мереке қарсаңында құттықтаймыз – деді Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің Уақытша Сенімді уәкілі Лю Цзянпин.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шамшидинова білім саласында Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. «Зияткерлік мектептердің көптеген түлектері Қытайдың беделді жоғары оқу орнында оқып жатыр. Жақында ғана Зияткерлік мектептердің делегациясы жұмыс сапарымен Бейжін және Шанхай қалаларында болып келді. Іс сапар нәтижесінде меморандумға қол қою жоспарлануда» – деді ол өз сөзінде.
Қазіргі таңда Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 84 оқушы қытай тілін оқып үйренуде. Тіл үйренудегі өз жетістіктерін оқушылар Пекин Палас бесжұлдызды қонақ үйінің үлкен залында көрсетті. Балалар «Менің жүрегімдегі ай», «Лотостар өскен бөгеттегі ай жарығы» сияқты қытай халық әндерін нақышына келтіре орындады. Домбырашылар төгілте орындаған «Сарыарқа» күйі мерекені ұйымдастырушыларға жасалған керемет музыкалық сый болды.
Конфуция Институтының балалар тобы көрсеткен ушу жаттығуы, Елшілік кеңесшісі Чэн Ле жүргізген каллиграфиядан шеберлік-класы, «Күріш таяқшалары» атты би, астаналық кадеттердің танымал «Катюша» әнін қытай тілінде орындауы балалар мерекесіндегі қытайлық реңді арттыра түсті.
Пекин Паласта өткен көңілді, тәтті, сыйлықтарға толы қабылдау оқушылар үшін Соңғы қоңырау мерекесінен кейінгі екінші ерекше мереке болды.