«Qazaqstan» телеарнасына саяхат

Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақханасында тұратын бір топ оқушы жақында «Qazaqstan» телеарнасымен жақын танысуға мүмкіндік алды.  «Qazaqstan» –  еліміздегі  ең танымал телеарна, 100 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға көшкен, ана тілімізді дәріптеп, насихаттап жүрген ең ірі медиа құрылым.

Телеарна авторлық бағдарламалар мен жаңалықтар дайындайды, деректі және көркем фильмдер, концерттік бағдарламалар көрсетеді, еліміздегі ең қызықты оқиғалар  телетаратылымын жүргізеді.

 

«Qazaqstan»  телеарнасы Елорда төріндегі «Қазмедиа  орталығында» орналасқан.  «Қазмедиа орталығы» аппаратты-студиялық блоктардан тұратын техникалық кешен. Онда мәжіліс және киноконцерт залдары, түсіру және көрме павильондары  бар.

«Qazaqstanға» жасалған саяхат барысында оқушылар мұнда жүзеге асатын барлық қызықты үдерістермен жақын таныса алды. Жас зияткерлер телеарнадағы ең қызықты бағдарламалардың түсірілімі қалай өтетінін, ойын-сауық бағдарламаларын дайындауға қанша кісі қатысатынын, күнделікті жаңалықтар топтамасы қалай дайындалатыны туралы құпияларды ашты.

Оқушылар түсіру алаңында болып, операторлардың жұмысын бақылады, жылжымалы телестанцияның не үшін қолданылатын білді.

Экскурсия соңында балалар телеарна мамандарына, «РТРК Qazaqstan» Басқарма Төрағасы  Карин Ерлан Тынымбайұлына ризашылықтарын білдіріп, қарапайым көрермендер көре алмайтын, кадр сыртында қалатын қызық сәттердің куәсі болғандары үшін алғыс айтты.

Телеарнаға саяхат жасау туралы ұсынысты жатақхананың «Ақ  бұлақ» ата-аналар клубы  жасаған болатын. Экскурсия мақсаты: телеарна қызметімен таныстыра отырып, балаларды бұқаралық-ақпарат құралдар саласындағы мамандықтармен таныстыру, мамандық таңдауда дұрыс таңдау жасауға ынталандыру. Осындай қызықты танымдық жорық оқушыларға медиақұралдар саласындағы мамандықтар туралы білуге, ақпараттардың қалай жасалып, қалай таратылатынын түсінуге жағдай жасады. Кім білсін, мүмкін телеарнаға келген бүгінгі балалардың қатарында келешектегі мықты режиссер немесе дарынды оператор, «жұлдыз» жүргізуші бар болар?