Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 Е сынып оқушысы Баймұханов Батырхан Республикалық ғылыми жобалар байқауында 1 орынға ие болды.
Байқаудың «Информатика» секциясында 11-сынып оқушылары Эльдар Шаяхмет пен Аскарұлы Тарлан құрастырған “TrainYoBrain” бағдарламасын қазылар алқасы пайдалы деп бағалап, жоба 3 орын алды.
13-16 ақпан аралығында Алматы қаласында өткен ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атанған Баймұханов Батырхан экологиялық таза, органикалық өнім алуға бағытталған зерттеу жұмысының нәтижесін ұсынған болатын. Өзінің ғылыми жетекшісі, биология ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті Хасанов Вадим Тагировичтің жетекшілігімен Батырхан Вешенка саңырауқұлағын өсіру технологиясын тәжірибеден өткізді. Вешенка – құрамында аминоқышқылдар мен дәрумендер, макро және микроэлементтер бар жеуге жарамды биологиялық белсенді өнім. Ол үлкен өнім беретін өсімтал саңырауқұлақ, оңай тасымалданатын жеңіл Вешенканы өсіру еліміз үшін экономикалық жағынан да тиімді.
Республикалық ғылыми жобалар байқауының қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің командасы гран-при және «Үздік команда – 2019» атағын жеңіп алды. Еліміздің Зияткерлік мектептерінде оқитын оқушылар 33 жүлдеге ие болып – команда қоржынында 14 алтын, 11 күміс және 8 қола медаль әкелді. Беделді білім сайысында зияткерлер командасының үлкен жеңісіне Батырханның, Эльдар мен Тарланның өз үлестерін қосқанын елордалық физика–математика бағытындағы Зияткерлік мектеп мақтан етеді.