«Рыбаков Қоры» Зияткерлік мектепте

4 қыркүйекте Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне «Рыбаков Қорының» білім беру бағыты бойынша вице-президенті, «Национальная Открытая школа» Ұлттық порталының  негізін қалаушы, EdCrunch оқыту технологиялары бойынша халықаралық конференцияның бағдарламалық директоры Нұрлан Қиясов келді.

«Рыбаков Қоры» 2015 жылы Ресейдің 200 ең бай адамдарының қатарындағы кәсіпкер Игорь Рыбаков құрған коммерциялық емес ұйым. Көбіне түрлі дайын жобаларды қаржыландырумен  ғана шектелетін басқа қайырымдылық қорларына қарағанда  «Рыбаков Қоры» білім беру, әлеуметтік, кәсіпкерлік салаларда түрлі жобалар жасап, оларды жүзеге асырумен өздері айналысады.

Нұрлан Қиясов «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның Басқарма төрайымының орынбасары Испусинова Светлана Багитовна мен мектеп директоры Мейрам Әміржанұлы Жакеновпен  бірге оқу кабинеттерін, химия, физика кеңейтілген зертханаларын аралап көріп, Зияткерлік мектеп жұмысымен танысты.

«Рыбаков Қоры» өкілдерінің Назарбаев Зияткерлік мектептеріне бірінші келуі беделді ұйыммен ынтымақтастық пен  бірлескен үлкен жобалардың бастамасы болмақ.