Сәт сапар, түлек – 2019!

15 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2019 жылғы түлектерге орта мектепті бітіргендері туралы аттестаттарды табыс ету салтанаты өтті. Осы жылы  Зияткерлік мектепті 200 түлек бітірді, олардың 16-ы – «Алтын белгі» иегері болса, 15 мектеп бітіруші ерекше үлгідегі аттестат алды.

Сәні мен салтанаты жарасқан дәстүрлі «Хрусталь қоңырау» рәсімінде барлық пәндерді “өте жақсы” деген бағамен оқыған 16 білім алушыға «Алтын белгі» төсбелгісі мен хрусталь қоңырау табыс етілді. Сондай-ақ түлектердің жетістіктері «Эрудит», «Шабыт», «Алтын дауыс», «Жігер», «Дарын», «Зерде», «Үздік» және  «Алтын» номинациялары бойынша аталып өтті. Мектеп түлектеріне ізгі тілектерін білдіріп, аттестаттарды табыс ету үшін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымының орынбасары Айдана Шилибекова, Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту Департаментінің директоры Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты Мұрат Теміржанов, Назарбаев Университетінің профессоры Robert Doebler, Гумилев атындағы ЕҰУ-ның физика-математика ғылымдарының докторы Садритен Тлеукенов, Сиднейде өткен жазғы  Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмадилов, әуесқой бокстан әлем және  Азия чемпионы Мерей Акшалов, Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының актрисасы Айшолпан Ибраева, драматург, прозаик, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Роза Муканова және басқалар шақырылды. Құрметті қонақтар  мектеп бітіруші түлектерге ақ жол, сәттілік тілеп,  арман-мақсаттарын жүзеге асыруда табанды болуға шақырды.