САНЖАР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ (ICHO-2023) ХИМИЯ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Санжар Бисенәлі 2023 жылдың шілде айында Цюрих қаласында (Швейцария) өткен халықаралық (IChO-2023)  химия олимпиадасының жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақты.

 Интеллектуалдық жарысқа әлемнің 88 мемлекетінен өз елдерінің ұлттық олимпиадаларында жеңімпаз атанған 350-ден астам дарынды оқушысы қатысты.

Олимпиада 5 сағатқа дейін созылған теориялық және эксперименттік турлардан тұрды.

Санжар республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы. Талапты жас беделді халықаралық Менделеев олимпиадасының күміс және қола, 2022 жылғы Халықаралық химия олимпиадасының күміс жүлдегері.

Биыл ол әлемдегі ең үздік университеттердің бірі, NASA-мен ынтымақтастығымен танымал Калифорния технологиялық институтының грантына ие болды.

Зияткерлік мектеп Санжар Бисенәліні осы тамаша жетістігімен құттықтап, алдағы оқу және ғылыми қызметіне сәттілік тілейді.

Мектеп түлегінің жеңісі ғылым мен техника әлемінде білім мен жетістіктерге ұмтылатын көптеген оқушыларды шабыттандырады деп сенеміз.