СЕН ДЕ — БІР КІРПІШ, ДҮНИЕГЕ КЕТІГІН ТАП ТА, БАР ҚАЛАН!

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте 2022 жылғы түлектерге жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру салтанаты өтті.

Биылғы оқу жылында мектеппен 12-ші жұлдызды түлектер қоштасуда. Мектеп директоры Мейрам Жәкеновтың айтуынша, 12-ші түлектер – мектеп тарихындағы  ең мықтылардың бірі. 2022 жылы 145 жас мектепті абыроймен бітірді, оқудағы үздік жетістіктері үшін мектептің 3 түлегі «Алтын белгі», 10-ы ерекше үлгідегі аттестат алды.

Салтанатты шарада мектеп бітірушілердің жетістіктері ЭРУДИТ, АШЫҚ ЖҮРЕК, ШАБЫТ, ЖІГЕР, ДАРЫН, ЗЕРДЕ, ҮЗДІК, АЛТЫН сияқты 8 номинация бойынша атап өтілді. Көңіл толқытарлық кеш барысында жүргізушілер әр түлектің таланты мен жетістіктерін тізіп, табыстарына айырықша тоқталды. «Шабыт» номинациясы шығармашылық жұмыстарда ерекшеленген, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, дипломанты атанған дарынды оқушыларға берілді. «Эрудит» номинациясы республикалық, халықаралық зияткерлік сайыстардың жеңімпаздарына тағайындалса, «Ашық жүрек» номинациясы басқалардың өмірін жақсартуға үлес қосқан, еріктілер қатарында болған түлектерге табыс етілді. «Жігер» номинациясы бойынша спортта дараланған, болашағынан үлкен үміт күттіретін түлектер марапатталды. Құрметті «Дарын» номинациясында  аттестаттар республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілді. Ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары «Зерде» номинациясының иегері атанды. «Үздік» номинациясының жеңімпаздарына ерекше үлгідегі аттестат табысталды.

«Алтын белгі» иегерлері Жәмила Төлеутаева, Назерка Қабзаки және Рауан Үсіпбековаға «Алтын» номинациясы бойынша кәмелеттік аттестат алды.

Түлектер мен олардың ата-аналарының қызығымен, мектеп ұжымының қуанышымен мерекелік шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтар: Данабек Сужанов – әуесқой боксшы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, 2010 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Асқар Ғалымұлы Қонақбаев – Тұран университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Маржан Тұрашқызы Жәкенова – мәдениет қайраткері, музыкатанушы, «Астана Опера» театрының әдеби-музыка департаментінің директоры, Қалиябану Махметқызы Кертаева – педагогика ғылымдарының докторы, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Зұлқарнаев Нұрбол Нұрбайұлы – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры бөлісті.

Сондай-ақ мектептің бұрынғы түлектері: Назарбаев Университетінің робототехника және мехатроника саласындағы ғылым бакалавры, Бельгиядағы KU Leuven университетінің жасанды интеллект ғылымдарының магистрі Тілеубаев Болат және Назарбаев Университетінің студенті, Зияткерлік мектеп түлектері қауымдастығының Президенті Жанель Сабденова мерекенің құрметті қонақтары қатарында болды.

Күннің қаһармандарын, олардың ата-аналарын, ұстаздар мен мереке қонақтарын білім ордасының басшысы М.Ә.Жакенов құттықтады.

Салтанатты бөлімнің классикалық форматы мектептің шығармашылық ұжымдары: «Кербез» би ансамблінің, «Жігер» домбырашылар ансамблінің, «Неформат» вокалды-аспаптық ансамблінің музыкалық нөмірлерімен ұтымды үйлесіп жатты.

Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің ұжымы өз түлектерін мақтан тұтады, бал дәрен балалық кезеңнен жастық шаққа, жарқын болашаққа аттаған барлық түлекке, ата-аналар мен мұғалімдерге сәттілік тілеп, шексіз алғысын білдіреді!

Мектеп бітіруші жастарға «Сен де — бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та, бар қалан!»- дейді мектебі.