ШУАҚТЫ БАЛАЛАР – БІЗДІҢ ҚОНАҚТАРЫМЫЗ: ҚУАНЫШҚА ЖӘНЕ ӨЗАРА ШАБЫТҚА ТОЛЫ КЕЗДЕСУ

2023 жылдың 16 мамырында Зияткерлік мектептің Студенттер кеңесінің еріктілері №2 арнайы мектеп тәрбиеленушілері үшін ерекше сыйлық жасауды ұйғарды. Олар ерекше балаларға жаңа жерлерді көрсетіп, түрлі іс-шаралармен таныстыру үшін Зияткерлік мектепке саяхат ұйымдастырды.

Кездесу көңілді және қызықты өтті. Балалар өздері қатысқан домбыра сабағына риза болды. Жүздеріндегі күлкі әуеннен қуаныш сезінгенін аңғартты.

Домбыра сабағынан кейін кішкентай қонақтар зияткерлік алаңға жиналып, өз қабілеті мен талантын көрсете алды. Мұнда бүлдіршіндер көңілді дене шынықтыру жаттығуларына қатысты, тек дене қыздырып қана қоймай, әртүрлі ойындар ойнады.

Балалар өз мұғалімдерінің суретін салды. Бұл шуақты бүлдіршіндердің тек шығармашылық қабілеттері ғана емес, сүйіспеншілігі мен ризашылығын білдіру қабілетінің де бар екенін көрсеткен әсерлі сәт болды.

Мектеп еріктілері ұйымдастырған шара қуаныш пен шаттыққа толы болды. Олар әрбір бала үшін өзін жайлы және жақсы сезінетін атмосфераны құруға тырысты. Зияткерлер әр балаға ерекше көңіл бөліп, олардың талпыныстарын қолдап, жігерлендіріп отырды.

«Орталық балалары барлық шеберлік сабақтарына белсене қатысып, бастамашыл болды. Олардың жаңа нәрселерге деген қызығушылықтары байқалды. Ерекше балалармен болған бүгінгі кездесу маған ерекше әсер қалдырды. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралар жалғасын табады деп сенемін», – деді өз әсерімен бөліскен ерікті Амантаева Малика.