Шынгыс – Жас интеллектуалдар Республикасының Президенті

Жақында ғана  мектепте жас интеллектуалдар  Республикасының Президентін сайлау науқаны аяқталды. Зияткерлік мектеп  соңынан ерер өз көшбасшысын таңдады. Оқушылардың өзін-өзі  басқару  ұйымының  жаңа жетекшісі жас жеткіншектердің мектеп өмірін ұмытылмастай  ететін жобаларды жүзеге асырып, түрлі бастамалар көтеріп,  көптеген игі істердің ұйтқысы болуы тиіс. Мектептің «Орталық сайлау комиссиясы » сайлау науқанын үлкендердің үлгісінде өткізді: сайлау алдында үміткерлердің сенімді серіктері  үгіт-насихат жұмыстарын  жүргізіп, бюллетеньдер мен плакаттар таратты, үміткерлер арасында дебат – пікірталастар өтті. Оқушылар үшін бұл тек ойын ғана емес, үлкен өмірге қажет  дағдыларды меңгеру мектебі болып табылады.  Көпшілікке өзіңді таныстыру, мектеп өмірін жақсарту бойынша бағдарлама –жоспар жасау, ойыңды  көптің алдында дәлелдей білу – келешекте кез келген кісіге керек  дағдылар.

Сайлау алды сайыстар өз мәресіне 22 қыркүйекте жетті. Дауыс беру нәтижесінде 12 «Ғ» сынып оқушысы Ешев Шынғысхан ең көп дауыс жинап, мектептің оныншы Президенті атанды.

26 қыркүйекте мектептің акт залында жаңа сайланған Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Салтанатты жиында оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының  жетекшісі болуға үміткер болған барлық оқушылар сахнаға шақырылды. Олар:

Задина Лейла, 12 «Ғ»  сынып

Мұханова Сәния, 11 «С» сынып

Башенов Рустам, 11 «Ғ» сынып

Абди Томирис, 10 «В» сынып

Даутова Дания, 11 «С» сынып.

Барлық үміткерлерге белсенділік танытып, сайлау науқанына  қатысқаны үшін алғыс хаттар табыс етілді.

Мектеп  директоры  Мейрам Амиржанович  2015-2017 жылдары мектеп Президенті болған Дыбыспаева Мөлдірге алғыс айтып, жаңа көшбасшы Ешев Шынғысханды құттықтады.

Шынғыс және оның командасына үлкен істерде  сәттілік тілейміз!

Ізденімпаз, жасампаз болыңдар, достар!