СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ МЕРЕКЕСІ ӨТТІ

25 мамырда елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте тағы бір оқу жылының аяқталғанын хабарлаған Соңғы қоңырау соғылды.

Биылғы оқу жылында 145 түлек мектеппен қоштастасып, асқақ армандарымен үлкен өмірге қадам басады. Түлектер қатарында «Алтын белгі» төс белгісіне үміткерлер: Тулеутаева Джамиля, Кабзаки Назерке, Усипбекова Рауан  және  Ракишева Томирис, Рымбай Абылай, Сауранбаева Алтынай, Болат Юсуф, Тунгушпаева Инсаният, Тангирбергенова Акбота, Жарасбай Нұрзада, Есілжанқызы Жібек, Нуртазина Карина, Керибаева Аида ерекше  үлгідегі аттестатқа үміткер.

12-сынып оқушылары мектепті айтарлықтай нәтижелермен аяқтады. Үздік түлектер тобында: информатикадан халықаралық Еуразиялық олимпиаданың, информатикадан халықаралық Жәутіков олимпиадасының жеңімпазы, APIO қола медалінің иегері, «Туймаада – 2021» халықаралық олимпиаданың жеңімпазы Ашуров Альтаир, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері, экономика пәнінен халықаралық олимпиаданың жеңімпазы Нұрсәт Өмірбеков, В.И.Вернадский атындағы бүкілресейлік жастар оқуларының жеңімпазы, «MOSTRATEC» халықаралық байқауының жеңімпазы Рамазан Әзімжан, ІІ Халықаралық «Ғылыми көзқарас» байқауының, студенттер мен жас ғалымдардың «Студенттік зерттеулер» ғылыми-зерттеу жұмыстары халықаралық конкурсының жеңімпазы Пак Софья, АҚШ-тың беделді оқу орындарының бірі – танымал Бентли университетінің толық грантын жеңіп алған, Оңтүстік Флорида, Сент-Луис университеттерінен шақыру алған Жамиля Тулеутаева және тағы басқа талапты жастар бар.

Соңғы қоңырау мерекесі барысында мектеп директоры Мейрам Жакенов «Intel School Awards – 2022» номинациясының жеңімпаздарына дипломдар табыс етті. Мектеп бітірушілерге  арнаған сөзінде Мейрам Әміржанұлы түлектерге алға қойған мақсатқа жетуде табанды болуды тіледі. Сондай-ақ мектеп басшысы Гиннестің рекордтар кітабына енуі жоспарланған ең ауқымды домбыра сабағына қатысушылардың барлығына алғысын білдірді.

Соңғы қоңырау салтанаты ұстаздар мен ата-аналардың тілек сөздерімен, түлектердің мектебі мен ұстаздарға арнаған алғыс-жолдауларымен, кураторлардың шығармашылық құттықтауларымен, дәстүрлі мектеп вальсімен жалғасты.

Мектеп тарихындағы 12-ші бітірушілерге арнап арнайы жасалған қыш қоңырауды 12-сынып оқушысы, халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері Әбуов Әбузер және 7-сыныптың оқу озаты Сүйіндік Рауза соқты.

2021-2022 оқу жылының аяқталуы туралы жариялап, сыңғырлай соғылған Соңғы Қоңырау осылайша түлектерді жарқын болашаққа, мектеп оқушыларын көңілді каникулға шақырды.