Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі, Назарбаев Университетінің студенті Мариям Акижанова беделді iGEM-2017 байқауында (синтетикалық биология бойынша жоба жарысы)
алтын медаль жеңіп алды
9-13 қараша аралығында АҚШ-ның Бостон қаласында iGEM (International Genetically Engineered Machine) халықаралық байқауы өткен болатын. Халықаралық байқауға әлемнің барлық аймақтарынан келген студенттік командалар синтетикалық биология бойынша дайындаған жобаларын ұсынды. Жылына 44 елдің ең беделді 300-ге жуық университеттік командалары қатысатын бұл білім сайысы биология саласындағы ең мәртебелі байқау болып саналады.
“NU Kazakhstan» Қазақстан командасы Назарбаев Университетінің Ғылым және Технология Мектебінің үш студентінен тұрды. Команданың Вице-капитаны Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2013 жылғы түлегі Мариям Акижанова болды. Мариям «Ағын судағы Cr (VI) микробалдырлар қолдана отырып биоремедиация жасау» тақырыбында жасаған жобаны абыроймен қорғап шықты.
Жобада Chlamydomonas reinhardtii микробалдырларын генетикалық модификациялау арқылы адам ағзасына зиянды алты валентті хромнан суды тазалау жолдары ұсынылған. Тақырыптың таңдалуы да тегін емес, алты валентті хромның мөлшерден тыс көп болуы салдарынан судың ластануы қазіргі таңда Батыс Қазақстан үшін экологиялық проблема болып табылады.
Қазылар алқасы өзекті мәселе көтерген жобаны ғана емес, сондай-ақ жобаның практикалық маңызын, Мариямның өз елінің экологиялық проблемаларын шешуге деген құлшынысын жоғары бағалады. Назарбаев Университетінің профессоры Абдулла Махбубтың (химия) және Иван Воробьевтың (биология) жетекшілігімен қазақстандық команда жобаны жасауға бір жарым жыл жұмасаған еді. Міне, студенттердің сол еңбектері ақталып, беделді әлем университеттерінен оза шыққан Қазақстан командасы Халықаралық iGEM байқауында бірінші рет алтынға қол жеткізді.
Мектебі Мариямды осынау үлкен жеңісімен құттықтай отырып, келешекте де үлкен биіктерден көріне беруіне сенім білдіреді.
Біз сені мақтан тұтамыз, Мариям!