16 қарашада Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ата-аналардың қатысуымен «Спорт сүйген ата-ана» атты денсаулық фестивалі өтті.
Мерекенің басты мақсаты – Зияткерлік мектеп пен ата-аналар арасындағы байланысты нығайту, ұрпақтар сабақтастығын, оқушылардың өз ата-аналарына деген сүйіспеншілігі мен құрметін қалыптастыру, сыйластыққа тәрбиелеу.
Спорт мерекесі, денсаулық фестиваліне шақырылған құрметті қонақтар қатарында: Азия чемпионы, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, төрт дүркін Қазақстан чемпионы, Лондон олимпиадалық ойындарының қола жүлдегері Вольнова Марина, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, полиция мен өрт сөндіруші қызметкерлерінің арасындағы жарыстардың армрестлинг және гір спортынан он дүркін әлем чемпионы Серик Нургалиев, Аstana Fighters командасының мүшесі, панкратионнан әлем және евразия чемпионы, ережесіз жекпе-жек және джиу-джитсудан Азия мен Қазақстан чемпионы Жасулан Акимжан болды.
Спорт мерекесіне қатысушыларды Зияткерлік мектеп директоры Мейрам Жакенов құттықтап, оларға спорттық құлшыныс, сергектік, көтеріңкі көңіл-күй тіледі.
Оқушылар мен олардың ата-аналарының денсаулығын нығайтуға бағытталған мереке «Барлығына арналған жаттығулар» деп аталған сергіту сәтінен басталды.
Спорт фестивалі түрлі спорт түрлерінен өткен жарыстармен жалғасты, ата-аналар мен балалар волейболдан, шахматтан, тоғызқұмалақтан, үстел теннисінен, армрестлингтен ұйымдастырылған сайыстарда жарысты. Мектептің үлкен спорт залында өткен көңілді спорттық эстафеталар барысында барлық қатысушылар жаңа серпін, эмоциялық қуат алды.
Кіші спорт залда волейбол командалары арасындағы тартысты жарыста командалар жеңіске деген құлшынысын көрсетті. Үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат бойынша ұйымдастырылған жарыста да жеңілгендер болған жоқ.
Салауатты өмір салтын насихаттаған спорт мерекесінде ерекше көтеріңкі көңіл-күй орнығып, қатысушылар бір-біріне деген ыстық ықыласын танытты.
Спорт фестивалінің қорытынды бөлімінде танымал спортшылар жеңімпаз атанған командаларды марапаттап, түрлі номинациялар бойынша арнайы дипломдарды табыс етті.