13 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің спорт залында Ұлттық Отбасы күніне арналған «Спорт сүйер отбасы» атты көңілді спорттық жарыс өтті. Ата-аналардың қатысуымен өткізілген көңілді эстафеталар Зияткерлік мектептің спорттық өміріндегі игі дәстүрлердің бірі. Дәстүрлі мерекенің басты мақсаты балаларды спортпен шұғылдануға шақыру, ата-аналарды балаларымен бірге белсенді демалыс өткізуге тарту болып табылады. Спорт мерекесіне 7-сынып оқушылары мен олардың ата-анасынан тұратын 8 команда қатысты.
Ойын алдында өткізілген сергіту сәті мен брейк-данс билеген бишілер спорт мерекесіне көңілді қарқын берді. Ойын барысында қатысушы командалар жеңіл атлетикалық эстафетадан, бөгеттерді алу, кёрлинг, «Үй жинау», «Нысанаға дәл тигіз» сияқты сындардан өтіп, «Ертегіде қонақта» атты шешуші ойын кезеңіне шығуы керек болды.
Спорттық мерекені тамашалауға оқушылармен қатар ойыншылардың ата-әжелері, іні-қарындастары келіп, жанкүйерлер командаларға қызу қолдау білдіріп отырды.
Спортшылар ойын кезеңдерінің барлық сындарынан мүдірмей өтті. Қазылар алқасының төрағасы болған ұстаз Бидайбеков Оралбек жеңімпаздарды Отбасы күнімен құттықтады. 7 «В» сынып Кудериновтердің командасы ойын чемпионы болып танылды; 2-орынды 7 «D» сыныбынан Төлеген Томирис пен 7 «Е» сыныбынан Мұратов Батырханның жанұялық командасы жеңіп алды. 7 «F» сыныбының Капаров Биарыстың командасы, 7 «А» сыныбынан Ибатулин Амирдің және 7 «К» сыныбынан Кайыржан Орынбасардың жанұялық командасы үшінші болып межеге жетті. Ынталандыру сыйлығы жеңіске деген құлшынысы үшін 7 «G» сыныбының Айтпаев Аян бастаған командасына берілді. Жарықа қатысқан және жарысты тамашалаған барша қауым спорт мерекесінен үлкен әсер алды.