Дүйсенбі, 28 мамыр
«STEAM – 2018» Жазғы мектебі
Жазғы мектептің ашылу салтанаты
Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жыл сайын 7-11 сынып оқушылары үшін Жазғы мектеп жұмыс істейді. Мақсаты: жазғы каникул күндері балалардың танымдық демалысын 9йымдастыру арқылы зерттеу дағдысын қалыптастыру, ой-қиялын шыңдау болып табылады. Әр жылы Жазғы мектеп бағдарламасы түрленіп, мазмұны жетіле түсуде. 28 мамыр күні Жазғы мектептің ашылу салтанаты өтті. Алда оқушыларды шеберханалар, тренингтер, мастер – кластар, саяхаттар, сан алуан шығармашылық тапсырмалар мен түрлі жұмыс түрлері күтіп тұр. Балалардың іші пыспайтыны анық!
Сейсенбі, 29 мамыр
Күн тақырыбы: «Егіздер күні»
«Егіздер» – ойы бір жерден шығатын, қызығушылықтары ортақ балалар. Бұл күні олар бірдей киініп жүрді.
Физика сабағында оқушылар өз қолымен радио құрастырса, химияда көпірік жасады, ағылшын тілі сабағында олар «Draw, dance and drama» ойынын ойнады.
Құзға өрмелеу, бадминтон, теннис, футбол, волейбол, Тоғыз құмалак – бұл күннің екінші жартысында оқушыларға ұсынылатын арнайы бағдарлама. Сонымен қатар, балалар домбыра, би, драма, АРТ үйірмелері мен психологиялық тренингтерге қатысты.
Сәрсенбі, 30 мамыр
Күн тақырыбы: «Қызыл түс күні»
Жазғы мектептегі әр күн түрлі сабақтармен қатар шығармашылық тапсырмаларға толы. 30 мамырда ICT сабағында оқушылар робот құрастырса, биология пәні бойынша зертханалық жұмыс жүргізді, ал математика сабағында күрделі олимпиадалық есептер шығарды.
Бейсенбі, 31 мамыр
Күн тақырыбы: «Санау күні»
Таңертеңгілік саптүзеуде балалар мектепте ілінген барлық картиналарды, сөредегі кітаптарды, блоктарға апаратын баспалдақтарды санау туралы тапсырма алды. Ең дәл, мұқият санаған командаға келесі күннің тақырыбын анықтау құрметі берілді. Сондай-ақ бұл күні оқушылар «Своя игра» зияткерлік ойынына қатысты. Балалар қызықты сұрақтарға жауап беріп, ұпайлар жинады. Жеңіске жеткен команда мүшелеріне сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Жұма, 1 маусым
Күн тақырыбы: «Жаздың түсі – жасыл»
«STEAM» сабақтары аяқталған соң командалар акт залына қарай бет алды. Онда мектеп психологтары мен ағылшын тілі мұғалімдері «Movie day» – киноға бойлау өткізді. Ағылшын тілінде көрсетілген көркем фильмнен кейін балалар картинадағы түрлі жағдаяттар мен кейіпкерлер мінезіне талдау жасады, сыныпта және жанұяда туындайтын келіспеушіліктер себептерін анықтады.